Байқоңырдағы стратегиялық нысандар Қазақстанға қайтарылады - Олжас Бектенов

1777
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/content/uploads/2024/08/img_7997-960x500.jpeg?token=ed27a53bf43688013a54fe441bc423ff

Қазақстан «Байқоңыр» кешеніндегі бірқатар нысандарды өз балансына қайтаруға ниетті. Бұл жөнінде премьер-министр Олжас Бектенов мәлімдеді, деп хабарлайды “Адырна”.

«Байқоңыр» кешенінің туристік әлеуетіне ерекше назар аударылып отыр. Оны кеңейту мақсатында «Kazakh Tourism» АҚ кешен аумағында туризмді дамыту тұжырымдамасын әзірлеу жұмыстарын жүргізуде. 2024 жылдың қараша айында ұлттық нақышта киіз үй тігіліп, «Союз» зымырандарының ұшырылуын бақылауға арналған QAZQOSMOS бақылау пункті салынды. Сонымен қатар, қазақстандық тарапқа қайтарылатын және жалға берілетін бірқатар туристік тартымды нысандар бойынша жұмыс жүргізілуде. Олар: «Нөлдік квартал», Гагарин самалжайы (10-алаң), «Коттедж» қонақүйі (2ж-алаң), Монтаждық-зарядтау кешені (112А-алаң), Динамикалық сынақ стенді (112д-алаң). «Гагарин старты» нысанын жалға беру процесін осы жылдың бірінші жартыжылдығында аяқтау жоспарланып отыр», – деді Бектенов мәжіліс депутаттарының сауалына жауап бере отырып.

Сондай-ақ, оның айтуынша, «Инфракос» республикалық мемлекеттік кәсіпорны қазақстандық және ресейлік туроператорлармен қызмет көрсету шарттары бойынша келісімдер жасасқан. Сонымен қатар GEORARK ARAL қоғамдық қорымен меморандумға және «Kazakh Tourism» АҚ және «BSL consulting» ЖШС-мен үшжақты ынтымақтастық келісіміне қол қойылған. «Бәйтерек» бірлескен кәсіпорны зымыран-ғарыш кешенінің негізгі нысандарын қамтитын экскурсиялық бағдарламаларды бекітті.

2018 жылы «Бәйтерек» ғарыш-зымыран кешенін құру жобасын жүзеге асыру мақсатында «Зенит-М» кешенінің нысандары Ресей Федерациясының жалдауынан шығарылып, қазақстандық тарапқа қайтарылды. Содан бері бұл кешеннің жұмысқа жарамдылығын және мақсатқа сай пайдалануға дайындығын қамтамасыз ету үшін ол 010 бюджеттік бағдарламасы шеңберінде («Ғарыш инфрақұрылымын сақтау және оны пайдалануды кеңейту») қаржыландырылып келеді. 2025 жылға арналған республикалық бюджетті

нақтылау аясында кешеннің жерүсті ғарыш инфрақұрылымын ұстау және пайдалану бойынша мемлекеттік тапсырманы орындауға 937,6 млн теңге бөлінді. Қосымша 590 млн теңге бөлу және 155 инженерді жұмысқа алу мәселесі де қарастырылып жатыр.

Премьердің мәліметінше, қазіргі уақытта уәкілетті органдар «Байқоңыр» кешеніндегі 69 автокөлік құралын жалдан шығару мәселесін пысықтап жатыр. Бұл көлік құралдары қолданыстағы заңнамаға сәйкес тіркелетін болады.

«Бүгінде «Ғарыштық техника және технологиялар», «Аэроғарыштық инженерия» білім беру бағдарламалары бойынша (бакалавриат, магистратура, PhD) мамандарды дайындау келесі жоғары оқу орындарында жүзеге асырылып жатыр: әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Г. Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университеті, Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті. Сонымен қатар кадрлар «Болашақ» халықаралық стипендиясы аясында және Байқоңыр қаласындағы Мәскеу авиация институтының «Восход» филиалында дайындалады», – деді үкімет басшысы.

Қазақстандық ғарышкерлер қатысатын халықаралық ғарыштық бағдарламаларға келсек, премьер-министр мұндай жобалар ұлттық және халықаралық қажеттілік болған жағдайда ғана жүзеге асырылатынын атап өтті.

«Пилотты бағдарламаларға қатысу айтарлықтай қаржылық шығынды талап етеді. Бұл тек ұшуға ғана емес, ғарышкерді дайындауға, ғылыми бағдарламаларға, логистикаға және ұшудан кейінгі қызметтерге де қатысты. Сондықтан төртінші қазақстандық ғарышкердің ұшуын жүзеге асыруға барынша салмақты әрі прагматикалық тұрғыдан қарау қажет. Егер жобаның өзектілігі мен негізділігі расталса, тиісті шаралар халықаралық міндеттемелер мен елдің қаржылық-экономикалық мүмкіндіктеріне сай жүзеге асырылады», – деп түсіндірді Бектенов.

Comments