АҚШ президенті Дональд Трамп жексенбі күні Украинаға жасалған жаппай соққыдан кейін Ресей президенті Владимир Путинді қатты сынға алды, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы ВВС-ге сілтеп.
Бұл шабуылда 12 адам қаза тапқан. Трамп бұған дейін де Путиннің әрекеттерін айыптаған болатын, ал бұл жолғы мәлімдемесі Ыстамбұлда басталған бейбіт келіссөздер аясында айтылды.
«Мен Путиннің жасап жатқан ісіне наразымын. Ол көп адамды өлтіріп жатыр, мен оның басына не түскенін білмеймін, бұл не сұмдық? Мен оны бұрыннан танимын, әрқашан жақсы қарым-қатынаста болғанбыз, бірақ ол қалаларға зымыран атып, адамдарды өлтіріп жатыр, бұл маған мүлде ұнамайды», деген Трамп.
Трамп Ресейге қарсы санкцияларды күшейту мүмкіндігін де қарастырып жатқанын айтты.
АҚШ президентінің бұл мәлімдемесі соғыстың басынан бергі ең ірі соққыдан кейін жасалды. Шабуыл кезінде Киев пен басқа да қалаларда 12 адам қаза тауып, ондаған адам жарақаттанды.
Трамп Путинді Truth Social желісінде де сынға алды.
«Мен әрқашан Ресей президенті Владимир Путинмен жақсы қарым-қатынаста болдым, бірақ ол өзгеріп кеткен сияқты. Ол диуана! Ол адамдарды бекерден-бекер өлтіріп жатыр. Мен тек сарбаздар туралы ғана айтып тұрған жоқпын. Зымырандар мен дрондар Украина қалаларын еш себепсіз атқылап жатыр. Мен әрқашан оның тек Украинаның бір бөлігін емес, бәрін қалайтынын айтып жүрдім. Қазір біз соның дәлелін көріп отырған секілдіміз. Бірақ егер ол солай етсе, бұл Ресейдің күйреуіне әкеледі!» - деді Трамп.
Кремльдің өкілі Дмитрий Песков BBC сұрағына жауап бере отырып, АҚШ президентінің бұл мәлімдемесін эмоциялық реакция деп атады. Оның айтуынша, Мәскеу Трампқа Ресей мен Украина арасындағы келіссөздердің басталуына көмектескені үшін алғыс білдіреді.
«Бұл - өте жауапты сәт. Барлығы да эмоционалды күйде екені анық. Біз бүкіл реакцияны мұқият бақылап отырмыз. Президент Путин ел қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажетті шешімдер қабылдайды», - деді Песков.
Трамп бұған дейін де Путинді қатты сынға алған болатын. Бұл - оның Ресей және АҚШ президенттері арасындағы 19 мамырда өткен үшінші телефон сөйлесуден кейінгі алғашқы ашық әрі қатаң мәлімдемесі.
Айта кетсек, 16 мамырда Ресей мен Украина арасындағы алғашқы бейбіт келіссөз Ыстамбұлда өтті. Кездесудің жалғыз нәтижесі – 25 мамырда жүзеге асқан «1000 адамға – 1000 адам» формуласы бойынша тұтқындар алмасу болды. Келіссөздердің екінші кезеңі қашан және қайда өтетіні белгісіз.
Украина президенті Владимир Зеленский Путинді келіссөз жүргізуден бас тартып, соғысты жалғастырып жатыр деп айыптады. Трамп өз жазбасында тек Путинді ғана емес, Зеленскийді де сынға алды.
«Ол не айтса да, тек проблемалар туғызады. Маған бұл ұнамайды. Бұл соғыс - менің соғысым емес. Бұл — Зеленскийдің, Путиннің және Байденнің соғысы. Мен тек үлкен әрі сұмдық өртті сөндіруге тырысып жүрмін», - деп жазды АҚШ президенті.
Wall Street Journal газетінің жазуынша, өткен аптада еуропалық елдердің басшыларымен телефон арқылы сөйлескен Трамп Ресейдің бұл соғыста жеңіп жатқанына сенімді екенін білдірген еді.
Axios басылымы да Трамптың жаңа санкциялар енгізуге қарсы екенін хабарлаған. Оның пікірінше, Путин келіссөздерге келіскендіктен, қазіргі уақытта санкцияны күшейтуге болмайды.
Ақ үй өкілі Axios-қа Трамп ешқашан соғыс қимылдарын тоқтату келіссөздерге дейінгі шарт болуы тиіс деп келіспегенін айтқан.
24 сәуірде Киевке жасалған шабуылдан кейін Трамп Truth Social парақшасында:
«Мен Ресейдің Киевке жасаған соққыларына наразы болдым. Бұл қажет емес. Владимир, тоқта! Әр апта сайын бес мың сарбаз қаза табуда. Келісімге келейік!» - деп жазған.
Наурыз айының соңында NBC News арнасына берген сұхбатында Трамп Путиннің Зеленскийдің легитимдігін жоққа шығаруға тырысқанына «ашулы әрі ыза болғанын» айтқан. Егер Ресеймен келіссөз жүргізу мүмкін болмаса, Ресейдің бүкіл мұнайына қосымша баж салығы енгізілетінін ескерткен.