Соңғы аптада Ресей Украина аумағын дрон және зымырандармен соққылап жатыр. Шабуыл рекордтық деңгейге жетті. 25-мамырда бір мезетте Ресей Украина аумағына бірден 298 дрон атты. Ондай бұрын болмаған. Бұл көрсеткіш арта береді және бұл - Киев үшін өте жағымсыз жаңалық деген сөз.
Мысалы, Ресей былтыр күн сайын 30-40 дрон ататын. (Майдан даласындағы ұрыс жайлы емес, Украинаның ішкері аумағына жасалған шабуылдарда қолданылатын дрондар туралы айтып отырмын). Енді Ресей бір мезетте жүздеген дрон қолданатын болды. Украинаның барлау қызметінің айтуынша алдағы уақытта Ресей бір мезетте 500-1000 дрон қолданатын болады дейді. Әлбетте, бұл - Украинаның әуе қорғаныс жүйесі үшін өте үлкен салмақ деген сөз.
Украинада әуе қорғаныс жүйесіне арналған зымырандар тапшы. Patriot-қа арналған зымырандар таусылудың алдында тұр. Енді Украина әуедегі нысанның қайсысын ататыны туралы таңдау жасауы мүмкін. Өйткені зымыран жетіспейді. Мысалы, бір мезетте әуеде ондаған дрон мен екі-үш зымыран ұшып келе жатса, онда зымыранды қағып түсіру шешімін қабылдайды. Ал дрондардың бірнешеуі нысанаға өтіп кетуі мүмкін. Бұл - өте қиын таңдау.
Дрондар да қауіпті бола түсті. Мысалы, бұрын Shahed-тер 50 келілік жарылғышты алып ұшатын. Ресей ол дрондарды бірнеше мәрте модернизациялап, «Герань» деп атап, жарылғыш күшін арттырды. Енді ол 50 келі емес, 90 келі жарылғышты алып ұшады. Екі-үш «Герань» бір үйді қиратып түсіретін күшке ие болуда. Бұл дрондарға радиоэлектронды кедергілер де бұрынғыдай әсер етпейтін болды.
Қысқасы, әуе шабуылы үлкен мәселеге айналып келеді. Киев мәселені шешу үшін Батыстан қосымша әуе қорғаныс жүйелері мен зымырандар сұрауда.
Related news
Do not go to Israel and Lebanon - the Ministry of Foreign Affairs of the Republic of Kazakhstan made an appeal