АҚШ-тың Украинадағы бұрынғы елшісі Бриджит Бринк өз еркімен қызметінен кетуінің себебін Трамп әкімшілігінің Ресейге жақтас саясатымен байланыстырды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Бұл туралы ол Detroit Free Press басылымына жазған мақаласында мәлімдеді.
«Өкінішке қарай, Трамп әкімшілігінің саясаты бастан-ақ жәбірленушіге — Украинаға қысым жасауға бағытталды, ал агрессор — Ресейге емес. Мұндай жағдайда үкімет саясатын ар-ұжданмен жүргізе алмайтынымды түсіндім, сондықтан қызметтен кету — менің азаматтық борышым болды», — деді дипломат.
Бринк сонымен қатар, Ресейдің Украинадағы әрекеттерін "таза жауыздық" деп атап, АҚШ бұл соғысты қалай жүргізсе, соған қарап одақтастары мен қарсыластары елдің ұстанымын бағалайтынын жеткізді.
Бринк өз мақаласында бейбітшілікке тек бағыну арқылы қол жеткізу әрекетін сынға алды. Ол мұндай «ымырашылдық» саясаттың 1930 жылдары Франция мен Ұлыбританияның нацистік Германияға жасаған жеңілдіктерімен параллель келетінін атап өтті. «Бейбітшілік үшін бәріне көну — бұл қауіпсіздік емес. Бұл – жаңа соғыстар мен қасіретке жол», — деді ол.
Бриджит Бринк дипломатиялық қызметте 30 жылға жуық еңбек еткен. Ол бұған дейін Словакия, Өзбекстан және Грузияда қызмет атқарып, Шығыс Еуропа мен Кавказ өңірлері бойынша маман ретінде танылған. 2022 жылы көктемде Украинадағы елшілікке тағайындалған ол әскери көмек көрсетуге белсенді қолдау білдіріп келген.
АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі болған Дэниел Розенблюм де 2025 жылғы 20 қаңтарда өз қызметін аяқтап, АҚШ Мемлекеттік департаментіндегі 28 жылға жуық мансабын тәмамдаған болатын. Дәл осы күні Дональд Трамп өмірінде екінші рет АҚШ президенті қызметіне кіріскен.
Related news