Ақтөбе облысында сот Жұбанов атындағы ауылдық округтің әкімі Ләззат Бердібаеваға қатысты істі уақытша тоқтатты. Бұл туралы ҚазАқпарат агенттігі жариялады, деп хабарлайды “Адырна”.
Айта кетсек, Ләззат Бердібаеваның далада гүл ұстаған суреті қоғамда үлкен резонанс тудырған болатын.
Соттың айтуынша, Бердібаева ұстаған қызғалдақтың нақты түрін анықтау қажет. Сол себепті арнайы сараптама тағайындалған.
Судьяның айтуынша, Ләззат Бердібаеваға Мұғалжар ауданының әкімінен жағымды мінездеме келіп түскен. Онда Бердібаеваның ешқандай тәртіптік жаза алмағаны, жұмысын жақсы атқаратыны және халықпен сыпайы қарым-қатынаста екені айтылған.
"Әкімшілік істі қарау барысында сот келесідей шешімге келді: Ләззат Бердібаеваға қатысты толтырылған хаттамада көрсетілген негіздерді жан-жақты әрі объективті түрде зерттеу үшін, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 757, 777, 824 және 829-баптарына сәйкес, сот өз бастамасымен қызғалдақтың түрін анықтау мақсатында арнайы сараптама тағайындау туралы қаулы шығарды. Осыған байланысты әкімшілік істі қарау сараптама аяқталғанға дейін тоқтатылады", – деді судья.
Алдыңғы отырыста Ләззат Бердібаева гүлдер жұлынған жерде тыйым салынған белгілер болмағанын, ал аумақтың жайылымдық жер екенін айтты. Сонымен қатар, істің материалдарында ешқандай сараптамалық қорытынды мен гүлдердің сирек немесе қорғалатын түр екенін дәлелдейтін айғақ жоқ екенін жеткізді. Ауыл әкімі гүлдерді жұлмау туралы қыздарын алдын ала ескерткенін де атап өтті.
Ақтөбе облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бас маманы Артур Кантарбаевтың айтуынша, қызғалдақтың нақты түрін тек ғылыми-зерттеу институты анықтай алады. Оның мәліметінше, бұл өңірде үш түрлі қызғалдақ өседі, соның ішінде Шренк қызғалдағы да бар.
Бұған дейін полиция Ләззат Бердібаеваға қатысты кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу және бағып-қағу міндеттерін орындамағаны үшін әкімшілік хаттама толтырылғанын хабарлаған.
Kazakhstani students will compete for the title of the best robotics in international competitions in the United States