2025 жылдың 3-4 сәуір күндері Орталық Азия мен Еуропа Одағы елдері саммиті Өзбекстанның Самарқандында өтті. Саммите екі жақ бірнеше келісімдерге қол қойды. Соның бірі – Еуроодақ пен Орталық Азия елдері бір-бірінің шекараларының біртұтастығын мойындау.
Кипр (Оңтүстік Кипр грек жағы) – Еуропа Одағы мүшесі. Тарихты ақтарып қараған адам сол жерде дау болып жатқан Кипр мәселесін түсінеді. Солтүстік Кипрді Түркиядан басқа ешкім мойындамайды. 1983-84 жылдары БҰҰ-ың сол мәселе бойынша шешімдері шыққан. Қазақстан және басқа Орталық Азия елдері БҰҰ жарғыларына сай әрекет етеді. Енді осыған байланысты Анадолы жұртының температурасы көтеріліп басылмай тұр. Талдап көрейік.
1) Ресми Анкара реакция білдірді ме? Жоқ, білдірмеді. Білдірмейтіні де түсінікті жағдай. Білдіргені жақсы еді. Келешектегі жағдайларды реттеп алатын. Мүмкін сахна артында түсініскен шығар, түсініспесе де ОТГ жұмысын жалғастыра береді.
2) Есесіне «үкіметтік емес ұйымдар» мен медианы шулатып қойды. Түркиялық медиада Орталық Азия басшыларын жерден алып жерге салды. «Сатып кетті» «Арқадан пышақ ұрды» Көріп тауса алмайсың. Мүйізі қарағайдай «ғалымдарынан» бастап генералдарына дейін қатаң мәлімдемелер жасап жатты. Өтірікті шындай, шынды құдай ұрғандай дегендей. Ішкі протесті осылай басқа жаққа бұрғысы келгендей болды. Біздің аймақты асырап отырғандай мәлімдемелер кетті. Бұны түсінікті және түсініксіз деп ойлаймын. Негізі түсінікті де...
3) Түркияның өзінен басқа ешқандай ел мойындамаған елдің басшысын қолынан жетектеп алып ТМҰ (ОТГ) жиындарына «мойындаңыздар» деп апара бергені үшін бір жағынан сигнал да болған шығар. ОТГ сол үшін құрылды ма? Меніңше бұл тек осы жағдай емес тағы бірнеше себептері бар сияқты..
Барлығы біледі Орталық Азия елдерінің де Түркияның да сыртқы саясатында бірінші орында ОТГ тұрған жоқ. Бұл қаржыға және саудаға байланысты.. ОА елдері үшін «болары мүмкін-ау» деген жағдайларда ұйым аймақтық баланс үшін қажет деп санаса, ОТГ – Түркияның болашақтағы стратегиялық жоспары.
4) Біз Кипрді 2024 жылы ғана мойындаған жоқпыз. Қазақстан Түркияның өзімен дипломатиялық қатынастарды 1992 жылдың 02 наурызында орнатты. ҚР СІМ құжаттарында Түркия бізбен дипломатиялық қатынас орнатқан 17-ші ел. Қазақстан дәл бір айдан кейін Кипр елімен 1992 жылдың 02 сәуір күні дипломатиялық қатынастар орнатты. Неге сол кезде немесе 90 жылдар мен 2000 жылдары шуламады? Біздің ел тікелей елші атамаса да Израилдегі елшіміз Кипрдегі елші қызметін қоса атқарып жүрді емес пе? 2024 ғана тікелей бөлек елші жіберді.
Орталық Азия мен Әзірбайжанның Кипрді мойындаған
кезеңдері төмендегідей.
Әзірбайжан – 2 сәуір 1992 ж
Қырғызстан – 1992 жылғы 20 ақпан
Қазақстан – 2 сәуір 1992 ж
Өзбекстан – 30 мамыр 1997 ж
Түрікменстан – 2007 жылғы 13 қараша
5) Әр елдің өз сыртқы саясаты болады, оған құрметпен қарау керек.
6) Орталық Азия елдерінің басты принптерінің бірі БҰҰ жарғысы бойынша мемлекеттік шекаралардың мызғымастығы. Ол Украина болсын, Грузия болсын. Тағы басқа болсын.
7) Бүгін Солтүстік Кипрмен бір үстел басына отырсаң, ертең ДНР, ЛНР Қырым, Абхазия және Оңтүстік Осетия сияқтыларды мойындауға мәжбүрсің. Ақырын жүріп анық баспасаң қиын.
8) Әзірбайжан түрлі-түрлі мәлімдеме жасаған болды. Мүмкін сол Әзірбайжанның өзі мойындар, сол Солтүстік Кипрді? Мойындамайды. Мойындай алмайды. Реал жағдай солай. Айтқандай сол Кипр бойынша 2004 жылы бірігу референдумы өтті. БҰҰ басшысы Кофи Аннан ұсынды. Солтүстік жағы қайта қосыламыз десе, Оңтүстік жағы «жоқ, рахмет» керегі жоқ деді.
9) Сол Солтүстік Кипр мойындалмаса да ОТГ ұйымы жалғаса береді. Жылдағы кезекті жиындар өткізіп шәй ішіп тарқасады. Бұл елдер ішіндегі бір-бірімен сауда жалпы сыртқы саудаларының 5 пайызын да құрамайды. Негізгі басты жұмыс осы болу керек еді. Осыдан-ақ ұйымның жағдайы белгілі
10) 2005 пен 2020 жылдар аралығында Кипрлік инвесторлар Қазақстан экономикасына 2,8 млрд АҚШ долларын инвестициялады. Өз кезегінде, осы кезеңде Қазақстандық кәсіпкерлер Кипр экономикасына шамамен 1,3 млрд АҚШ долларын инвестициялады. Бұл Еуроодақ шеңбері аясында. Ал Еуроодақтың басқа елдері Қазақстанға 50 млрд доллардан астам инвестиция салды. Екі жақты сауда – 40 млрд доллар. Түркияның өзінің сыртқы саудасының 50 пайыздан астамы сол Еуропамен.
11) Орталық Азияда Қытай мен Ресейдің ықпалы, инвестициясы күшті. Еуропалық Одақ та келіп жатса жақсы. Күштер теңеседі.
12) Орталық Азия елдері де бұл келісімдер бойынша ресми мәлімдеме жасамады. Ешкім ақталып жатуға мәжбүр емес.
13) Бір жағынан бұл да дұрыс болды. Бір үтір қойылып болашақтағы жоспарларды айқындап алатын. Айтпақшы, жақын күндері Түркі елдері «Ақсақалдар алқасы» Солтүстік Кипрге барып ел президенті Ерсін Татармен жолығады екен. Осындай кездесулер жарасады. Бұдан артық емес. Осының өзі Анадолы жұртының екпінін басады деп ойлаймын. Бұл жағдайлар болмай тұрғанда былтыр Солтүстік Кипрдегі Гирне қалсында президент Ерсін Татар мырзамен жолығудың сәті түскен еді. Бұл кісінің өзі сол кезде бәрін түсінетінін жақсы жеткізген.