Ресей президенті Владимир Путин 19 сәуір күні кешке Украинадағы барлық әскери іс-қимылдарды уақытша тоқтату туралы бұйрық берді, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
Бұл туралы Кремльдің баспасөз қызметі хабарлады.
«Пасхалық бітім» 19 сәуір сағат 18:00-ден 21 сәуір түнгі 00:00-ге дейін күшінде болады.
Президент бұл мәлімдемені РФ қарулы күштері бас штабының басшысы Валерий Герасимовпен кездесу кезінде айтты.
«Осы уақыт аралығында барлық әскери іс-қимылдар тоқтатылсын. Украина тарапы да осындай қадамға барады деген үміттеміз. Дегенмен, әскерлеріміз кез келген арандатушылық пен шабуылға дайын болуы тиіс», – деді Путин.
Ресей Қорғаныс министрлігі тиісті бұйрықтардың берілгенін растады.
Украина президенті Владимир Зеленский бұл мәлімдемеге жауап қатты.
«Путин тағы да адамдардың өмірін ойынға айналдырмақ. Қазір Украинада әуе дабылы жарияланды. Сағат 17:15-те Ресейдің соққы дрондары аспанымызда байқалды. Біздің әуе қорғаныс күштері мен авиация әрекет етуде. Біздің аспандағы “Шахедтер” – Путиннің Пасхаға және адам өміріне деген шынайы көзқарасы», – деп мәлімдеді.
Айта кетейік, бұған дейін 2023 жылдың қаңтарында Путин Рождество мерекесіне орай біржақты бітім жариялаған болатын. Алайда ол кезде де соғыс жалғаса берген. Украина тарапынан Анна Маляр бұл бітімнің орындалмағанын және Ресейдің тоғыз жылдық соғыс барысында ешбір бітімге берік болмағанын жазған еді.
Related news