Ұлттық құндылық- белгілі бір ұлтқа тән , сол ұлттың даму, қалыптасу тарихында ғасырлар бойы мәнін жоймаған рухани және материалдық қасиеттер мен қажеттіліктер жиынтығы. Егер ұлт құндылығы болмаса, онда ұлтта жоғалады. Біздің қазақ болып жүргеніміздің өзі де ұлттық құндылығымыздың болуында.
Қазақ мәдениетінің ұлттық құндылығының негізі- діни сана. Ол- Исламнан бастау алады.
Діни сана- ұлттың болмысы, табиғаты, ерекшелігі. Ұлттың мәдениетіне үңіліп қарасақ, бұған көзіміз жетері анық. Осы мәдениеттің көрсеткіші халықтың дүниетанымы, тарихы мен өнері, ахлағы мен әдет- ғұрыптары, жазуы мен әдебиеті, жыр- дастандарымен тұрмысы болып жалғаса береді. Бұлар діни санамен үйлесім тапқанда ғана ұлттық мәдениеттің болмысы мен табиғаты, оның мән- мағынасы ашылады. Бір сөзбен айтқанда діни сана өзін қоршап тұрған мәдени құндылықтарды сақтап тұратын қазына іспеттес. Діни таным көп, діни таным тарихында Ханафи, Матуруди, Яссауи мектебін, фиқһ, кәләм, ахлақ(мінез- құлық) салаларының қалыптасуын айтуға болады. Діни сананың осы бір саласына ұлттық құндылығымызды, мәдениетімізді де жатқызуға болады. Туғаннан бастап өлім сәті келгенге дейінгі қазақтың мағыналы әдет- ғұрыптарын ашып айта кетсек:
Қазақ халқының өзге мұсылман халықтарынан еркешелеп тұратын басты ерекшеліктерінің бірі- жеті атаға дейін үйленуге тыйым салуы. Бұл қатаң түрде сақталған әдеттердің бірі Исламнан бастау алады. Пайғамбар ( с.а.с) өз хадистерінде жақындары мен туыстық байланысы барлардың қосылуларынан сақтандырған. Өйткені туыстық байланысы бар жұбайлардан туылған бала әлжуаз, денсаулығы нашар болып туады. Пайғамбар (с.а.с) былай дейді: «Алыстан алыңдар, (ұрпақтарыңды) әлсіретпеңдер».
«Қыз бала дауысын қатты шығарып күлмейді», «түнде шашын жаймайды», «қонақ алдында талтайып отырмайды»,- деген қазақ, қыз баласына төрден орын берген. Әрбір қызды өзінің қарындасындай көріп, тіпті олар үшін соғысуға дайын болған. Қыздарымыз бастарынан орамалын тастамай, бөтен ер кісілермен сөйлесуді ар санаған. Исламда да қыз баласын құдды бір жауһарға теңеп, оның зейнетін бөтен ер кісілерге көруге тыйым салады. Ер кісілермен сөйлеспек түгілі, олармен бір отырыста отырмауды әдет санайды.
Қалжа беру- бала туылғаннан кейін, қой сойып қонақ шақыру. Әйел босанғаннан кейін, қырық күн бойы үйде отырып сойылған қойдың етін жеп, сорпасын ішіп, біраз денсаулығын күтеді. Қазақтың бұл ғұрпынан көзделген мақсат- әйелдің босанғаннан кейінгі әлсіз денсаулығын қалпына келтіру болып табылады.
Ал, бесіктің пайдасын өмірдің өзі дәлелдеп, осы уақытқа дейін жетіп отыр. Ол баланың таза болуы, ұйқысының тыныш болуына әсер етеді. Жапонның әйгілі медицина ғалымы Гау Щияу Иде Илаң қазіргі заманғы озық аспаптарды қолдана отырып зерттеу жүргізген. Оның зерттеуі бойынша «сәби өмір есігін ашпас бұрын, ана құрсағында жүріп тербеліске түседі. Алайда өмір есігін ашқан соң жарық дүниеге бірден үйренісе алмайды. Сондықтан оны ана құрсағындағыдай әлдилеп, тербетіп отыру керек» деген қорытынды жасайды. Міне, қазақ халқының даналығы, осы процестерді өзінің өміріне пайдаланып, бала жарық дүниеге бейімделгенше, бесікке бөлеп, тербетіп отырған. Сонымен қатар, бесікке үкі тағатын болған. Ондағы мақсат, үкінің иісіне тышқан секілді кеміргіштер қашатын болғандықтан, балаға зиян келмеуі үшін. Кейбір радикалды ағымдардың айтуынша, бұл бір ширк яғни құдайға серік қосу мыс. Әдетте қазақ бір нәрсені жасаса біліп, төркініне жетіп орындаған. Ал, Исламда ниеті серік қосу болмаса ем түрінің кез келгенін жасауға рұқсат.
Қазақ халқының ұлттық ойындарының бірі – асық ойыны. Асық ойнау: баланың ойлау қабілетін дамытады, адамдармен тез тіл табыса білуге үйретеді, денені шынықтырады, қан айналымы мен тыныс алу мүшелерінің жұмысын жақсартады, баланың көзі қашықтықтан көруге дағдыланады, мергендікке баулиды.
«Көрші ақысы- тәңір ақысы» деп көршісін ерекше сыйлай білген қазақ, тіпті жаңа көшіп келген көршілерін үйлеріне шақырып, ерулік берген. Ал Алла елшісі (с.а.с): «Кімде- кім Аллаға және ақірет күніне сенген болса көршісіне еш зиян тигізбесін», және « Жанындағы көршісінің аш жатқанын біле тұра өзі тоқ болып жатқан адам маған нақ иман келтірген емес»,- деген.
СССР дәуірі дүрілдеп тұрған заманда, бала күнімізде қораның артындағы үйіліп тұрған күлге аунайтынбыз. Үлкендер:




- Әй, балалар, күлде ойнамаңдар,- деп ұрысады.
- Неге, не болады ойнаса?- деп сұраймыз.
- Не қыласыңдар неге екенін? Болмайды білуге дейтін.
- Ей, табалдырықты баспа,- деп жаны қалмайтын.
- Басса не болады?- деп тұра береміз.
- Жаман болады,- дейді, себебін айтпайтын,- дейтін атам марқұм.
Қазақбаева Айнұр Қайратқызы