Румыния Германиядан әскер сұрады

128
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/9HmKuYsgwpmb7Y6jDajgAZUkaLq89RuOgwKAM75U.jpg

Фото: ЖИ

Румыния Германиядан НАТО-ның шығыс қанатындағы әскери қатысуын күшейтіп, ел аумағына қосымша әскери бөлімдер мен техника жіберуді сұрады, деп хабарлайды “Адырна”. 

Шетелдік БАҚ дерегінше, Бухарест бұл өтінішін Қара теңіз аймағындағы қауіпсіздік жағдайының шиеленісуімен түсіндірді.

Румынияның сыртқы істер министрі Дан Некулэеску бұл мәселені Берлинде Германияның сыртқы істер министрі Йоханн Вадефульмен кездесуі барысында көтерген.

Министрдің айтуынша, соңғы уақытта Ресей тарапынан аймақтағы қауіпсіздікке қатер төндіретін әрекеттер жиілеген. Олардың қатарында әуе кеңістігін бұзу, азаматтық кемелерге шабуыл жасау және диверсиялық әрекеттер бар.

Румыния қорғаныс министрлігінің мәліметінше, Ресейдің Украинаға кең ауқымды басып кіруі басталғалы бері ресейлік ұшқышсыз ұшу аппараттары елдің әуе кеңістігін 33 рет бұзған. Оның 18-і 2026 жылы тіркелген. Сондай-ақ үш дрон атып түсірілген.

Биыл мамыр айында ұшқышсыз ұшу аппараттарының бірі Галац қаласындағы халық тығыз орналасқан ауданға құлап, екі адам зардап шеккен.

Бұдан бөлек, Бухарест Германияның Қара теңіздегі теңіз қауіпсіздігі орталығын құруға қатысуына мүдделі. Жобаны Румыния аумағында жүзеге асыру жоспарланып отыр. Орталықтың негізгі міндеті – аймақтағы жағдайды бақылау және теңіз қауіпсіздігін нығайту.

Дан Некулэеску Германияның бұл бастамаға қатысуы маңызды екенін атап өтті.

Comments