Болашақ журналистер ЖИ құралдары, фактчекинг және цифрлық контент бойынша білім алды

234
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/uw8gsFEYKMkBbXBhqEiGR0rs9JMllEByeRMK3g0l.jpg

Алматы қаласында журналистика факультетінің студенттерінің қатысуымен медиасалада жасанды интеллект құралдарын қолдану тақырыбындағы білім беру тренингтері аяқталды.

Бір апта ішінде қаланың жетекші жоғары оқу орындарында ұйымдастырылған оқуға 100-ге жуық студент қатысты.
Тренингке қатысушылар түрлі цифрлық платформаларға арналған контент әзірлеу, ақпараттың дұрыстығын тексеру (фактчекинг), деректерді талдау және редакция жұмысында цифрлық құралдарды пайдалану бойынша білім алды. Сонымен қатар мультимедиалық журналистика, медиаэтика, әлеуметтік желілермен жұмыс істеу және контентті дайындау мен ілгерілетуде жасанды интеллект технологияларын қолдану мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді.
Бағдарламаның басты ерекшелігі оның тәжірибеге негізделген форматында болды. Сабақтарды ірі компаниялар мен мемлекеттік ұйымдарға арналған жасанды интеллект шешімдерін әзірлеуге және енгізуге қатысып жүрген сарапшылар жүргізді. Оқу барысында студенттер нақты тәжірибелік жағдайларды талдап, заманауи редакциялардың жұмыс тәсілдерімен танысты және практикалық тапсырмалар орындады.

«Жасанды интеллект журналист мамандығын алмастырмайды. Алайда ол фактіні тексеруге, өзіндік көзқарасқа және кәсіби жауапкершілікке мән бермейтін журналистиканың құнын төмендетеді. Алгоритм мәтін жаза алады, бірақ оның нақтылығына немесе жарияланым салдарына жауап бермейді. Бұл – журналистің міндеті. Сондықтан болашақ мамандар жаңа құралдарды меңгеріп қана қоймай, оларды қай кезде және қалай қолдану керектігін, сондай-ақ олардың мүмкіндіктері мен шектеулерін жақсы түсінуі қажет», – деді «Кселл» АҚ-ның (Kcell және activ брендтері) PR бөлімінің басшысы Байрам Азизов.

Жоба Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі мен «Кселл» АҚ арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум аясында жүзеге асырылды. Бұл тренингтер компанияның Қазақстандағы журналистер қауымдастығының кәсіби әлеуетін дамытуға бағытталған бастамаларының жалғасы болды.

Айта кетейік, өткен жылы компания өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне медиасаладағы заманауи технологияларды қолдану мәселелеріне бағытталған оқыту бағдарламасын өткізді. Екі ай ішінде Шымкент, Ақтау және Алматы қалаларында ұйымдастырылған тренингтерге еліміздің тоғыз өңірінен 50-ден астам журналист қатысты.

Comments
Other materials