Алматыда 18 қарашада академик Мұхтар Құл-Мұхаммедтің «Сараман жолы» атты жаңа кітабының тұсаукесері өтті.
«Атамұра» баспасынан жарық көрген іргелі еңбекте қазақ әдебиетінің классигі Мұхтар Әуезов пен оның ұлы, көрнекті мәдениеттанушы Мұрат Әуезовтің өмір жолы арқылы ХХ ғасырдағы қазақ қоғамының саяси, тарихи және мәдени шежіресі баяндалады. Үш жылға жуық уақыт жазылған туындының таныстырылымына белгілі ғалымдар, қоғам қайраткерлері мен зиялы қауым өкілдері қатысты.
«Атамұра» баспасынан жарық көрген тарихи еңбек
Қазақ руханиятына арналған тағы бір көлемді зерттеу оқырманға жол тартты. Академик Мұхтар Құл-Мұхаммедтің «Сараман жолы» атты жаңа кітабы еліміздегі белгілі «Атамұра» баспасынан басылып шықты.
Туындының басты ерекшелігі – қазақ тарихындағы күрделі кезеңдерді жекелеген тұлғалардың өмірбаяны арқылы көрсетуінде. Автор Мұхтар Әуезов пен Мұрат Әуезовтің тағдырын арқау ете отырып, ХХ ғасырдағы саяси қуғын-сүргінді, қазақ зиялыларының қоғамдық қызметін, ұлттық мәдениет пен әдебиеттің қалыптасу жолын кеңінен зерттеген.
Кітаптың тұсаукесер рәсімін филология ғылымдарының докторы, профессор, Ұлттық ғылым академиясының академигі Қансейіт Әбдезұлы ашты.
Жиында еңбек авторы Мұхтар Құл-Мұхаммед кітаптың жазылу тарихына тоқталып, зерттеу барысында пайдаланылған мұрағаттық құжаттар мен тарихи деректер туралы әңгімеледі.
Мұхтар Құл-Мұхаммед үш жылға жуық уақыт зерттеу жүргізген
«Сараман жолы» – бірнеше буынның тағдырын тоғыстырған, тарихи оқиғалар мен белгілі тұлғалардың өмірін кеңінен қамтыған көп тараулы еңбек.
Автор кітапты жазу барысында мұрағаттық материалдарды, тарихи естеліктерді, күнделіктер мен жолсапар жазбаларын пайдаланған.
Еңбектің алғашқы тарауы Мұрат Әуезовтің анасы Фатима Ғабитованың күрделі тағдырына арналған. Оның өмір жолы арқылы ХХ ғасыр басындағы Жетісу өңірінің тарихи ахуалы, азамат соғысы жылдарындағы оқиғалар мен қазақ даласындағы ағарту ісінің қалыптасуы баяндалады.
Келесі тарауларда Мұхтар Әуезовтің шығармашылық жолы, әйгілі «Абай жолы» роман-эпопеясының жазылу тарихы, жазушының саяси қысымға ұшыраған кезеңдері мен Мәскеудегі қызметі қамтылған.
Автор Мұрат Әуезовтің қоғамдық қызметіне де ерекше назар аударған. Атап айтқанда, «Жас тұлпар» ұйымының құрылуы, қазақ жастарының ұлттық сананы жаңғыртуға бағытталған бастамалары және кеңестік идеологиялық қысым жағдайындағы шығармашылық ізденістері сөз болады.
Кітаптың соңғы тараулары Мұхтар және Мұрат Әуезовтердің Үндістан, Жапония мен АҚШ-қа жасаған сапарларына арналған.
Бақытжан Жұмағұлов: «Бұл кітапты кез келген буын оқуы керек»
«Атамұра» баспасынан жарық көрген жаңа еңбекке тұсаукесерге қатысқан белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, техника ғылымдарының докторы, профессор Бақытжан Жұмағұлов жоғары баға берді.
Оның айтуынша, Мұхтар Құл-Мұхаммедтің туындысы – терең зерттеу жұмысының нәтижесінде дүниеге келген, тарихи шынайы оқиғаларға негізделген шығарма.
«Бұл – өте терең зерттеліп жазылған шығарма. Мұхтар мен Мұрат Әуезовтердің өмір жолынан алынған шынайы оқиғаларға негізделіп, сол кезеңнің тарихи-саяси жағдайы жан-жақты көрсетілген. Керемет туынды. Мұндай еңбекті кез келген буын оқуы керек», – деді Бақытжан Жұмағұлов.
Ол еңбектің әртүрлі буын өкілдері үшін танымдық маңызы бар екенін атап өтті. Өйткені кітапта белгілі тұлғалардың өмірі арқылы қазақ халқының басынан өткен тарихи оқиғалар мен қоғамдық өзгерістер көрініс тапқан.
Ғалымдар кітаптың ғылыми және тарихи құндылығын атап өтті
Тұсаукесерге тарих ғылымдарының докторы, профессор, Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры Зиябек Қабылдинов қатысты.
Ғалым кітаптың мазмұны мен тарихи құндылығына қатысты пікір білдірді.
«Сараман жолында» қазақ зиялыларының тағдыры мен қоғамдық қызметіне, ұлттық мәдениетті сақтауға бағытталған бастамаларға кеңінен орын берілген. Мұрағаттық құжаттар мен естеліктерге сүйенген автор белгілі тарихи оқиғаларды жаңа қырынан қарастыруға ұмтылған.
Сондай-ақ таныстырылымда филология ғылымдарының докторы, профессор, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Бауыржан Жақып, тарих ғылымдарының докторы Берекет Кәрібаев және Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының директоры Ғазиза Нұрғалиева сөз сөйлеп, жаңа басылымның мазмұны мен тарихи маңызына тоқталды.
«Сараман жолы» – ұлттық тарих пен руханиятқа арналған туынды
Академик Мұхтар Құл-Мұхаммедтің бұл еңбегі бір күнде жазылған жоқ. Автор үш жылға жуық уақыт бойы тарихи деректерді жинақтап, зерттеу жұмыстарын жүргізген.
Кітаптың жекелеген тараулары 2023–2026 жылдары «Айқын», «Қазақ әдебиеті», «Ана тілі» газеттерінде, «Жұлдыз» журналында және өзге де ақпараттық алаңдарда жарияланған.
Енді сол зерттеулер «Атамұра» баспасынан жеке кітап болып жарық көрді.
«Сараман жолы» қазақ әдебиеті мен мәдениетінің көрнекті өкілдері туралы танымды кеңейтіп қана қоймай, ХХ ғасырдағы ұлт тарихының күрделі кезеңдеріне тереңірек үңілуге мүмкіндік береді.
Мұхтар Құл-Мұхаммедтің жаңа еңбегі тарихшыларға, әдебиеттанушыларға, зерттеушілерге, студенттерге және қазақ халқының тарихи-мәдени мұрасына қызығушылық танытатын оқырманға арналған.
