Иран АҚШ-тың Бахрейндегі әскери базасын дронмен атқылады

138
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/GpwcmSVgxXdHRyQX6CBofXxb2OagyT0zrA1M0Hki.webp

Фото: Iranian Supreme Leader's Office/ZUMA/Mago

Иран Бахрейн аумағында орналасқан АҚШ әскери базасына ұшқышсыз ұшу аппараттарымен шабуыл жасады. Бұл туралы 15 қарашада dpa агенттігі жазды, деп хабарлайды “Адырна”.

Бахрейн әскери күштерінің мәліметінше, әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелері Ираннан ұшырылған оқ-дәрілерді нысанаға жетпей тұрып жойған. Осыған байланысты Бахрейн билігі Тегеранды корольдікке қарсы жүйелі дұшпандық әрекеттер жасады деп айыптады. Бұл қыркүйек айының басынан бері елдің әуе қорғанысы күштері тойтарған алғашқы шабуыл болды.

Ал Иран тарапы шабуылдың сәтті өткенін мәлімдеді. Press TV телеарнасының хабарлауынша, Ислам революциясы сақшылар корпусы Бахрейндегі Эр-Рифаа тікұшақ базасы маңында орналасқан АҚШ-тың әуе қорғанысы жүйесіне тиесілі радарды нысанаға алу үшін алты дрон жіберген. Айта кетейік, Бахрейнде АҚШ Әскери-теңіз күштерінің бесінші флоты орналасқан.

Бұған дейін, жұма күні Иран тарапы Бахрейндегі АҚШ-тың ерте ескерту жүйесіне тиесілі радарға шабуыл жасалғанын хабарлаған еді. Алайда америкалық әскери күштер бұл ақпаратты жоққа шығарып, екі ирандық дронның ұсталғанын және ешқандай залал келмегенін мәлімдеді.

Еске салайық, АҚШ пен Израиль 2026 жылғы 28 ақпанда Иран аумағындағы нысандарға жаппай соққы беріп, әскери операция бастаған болатын. Шабуылдар салдарынан Иранның жоғарғы көшбасшысы аятолла Әли Хаменеи мен бірқатар жоғары лауазымды шенеунік қаза тапты. Бұған жауап ретінде Тегеран Израиль аумағына және Таяу Шығыстағы АҚШ әскери базаларына соққы жасай бастады.

АҚШ президенті Дональд Трамп аралық сайлаудан кейін Иранға қарсы соғыс әскери тұрғыдан «іс жүзінде аяқталғанын» айтқан. Мемлекеттік хатшы Марко Рубио да елде ауқымды әскери операцияларды жалғастырудың қажеті жоқ екенін мәлімдеді. Дегенмен қақтығысқа қатысушы тараптардың ешқайсысы соғыстың толық аяқталғанын немесе бейбіт келісімге қол жеткізілгенін растаған жоқ.

Comments
Other materials