Қазақстанның бес қаласында жоғары сынып оқушыларына арналған BILIM TOUR жобасы өтті

7031
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/lTvzFbZ6dkhqYdXGs5cNIqO6jLcBAEGVncY2FdOa.jpg

Алматы, Қызылорда, Қазалы, Жетісай мен Шымкент қалаларында жоғары сынып оқушыларына арналған BILIM TOUR әлеуметтік-білім беру жобасы ұйымдастырылды. Жоба аясында 1500-ге жуық оқушы тегін ҰБТ-ға дайындық сабақтарына қатысып, кәсіби бағдар алды.

Іс-шара барысында 10-11 сынып оқушылары биология, химия, география және Қазақстан тарихы пәндері бойынша тәжірибелі мамандармен дайындық жұмыстарын жүргізіп, болашақ мамандықты саналы таңдауға қатысты практикалық кеңестер тыңдады.

BILIM TOUR жобасын 2021 жылдан бері 15 000 оқушыны ҰБТ-ға дайындаған Glucose білім беру орталығы ұйымдастырды. 

«BILIM TOUR жобасының негізгі мақсаты - тәжірибелі мамандар мен оқушылар арасында тікелей байланыс орнатып, сапалы білім беру ресурстарын өңірлердегі жасөспірімдерге қолжетімді ету және олардың болашақ мамандығын саналы таңдауына ықпал ету. Біз үшін оқушыларға тек ҰБТ пәндерін меңгертіп қана қоймай, өз мүмкіндіктерін танып, болашақ бағытын айқындауға көмектесу де маңызды», – дейді орталық директоры Молдабай Әсел Ғабитқызы.

Жоба аясында қатысушыларға арналған ынталандыру шаралары да ұйымдастырылды. Атап айтқанда, 15 оқушыға құны 4 миллион  теңгені құрайтын білім беру гранттары табысталып, 300-ге жуық авторлық өнімдер мен ақшалай сыйлықтар үлестірілді. Бұдан бөлек, барлық қатысушыларға жалпы сомасы 10 миллион теңгені құрайтын білім беру жеңілдіктері ұсынылды.

Айта кетейік, BILIM TOUR - оқушыларға ҰБТ пәндері бойынша білімін жетілдіруге, тәжірибелі мамандардан кеңес алуға және болашақ кәсіби бағытын анықтауға мүмкіндік беретін әлеуметтік-білім беру бастамасы.

Comments