Армения Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымындағы (ҰҚШҰ) дауыс беру құқығынан айырылды. Бұл туралы Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков 11 қарашада Мәскеуде өткен ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің отырысынан кейін мәлімдеді. Армения бұл кездесуге өз делегациясын жібермеген, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
Песковтың айтуынша, мұндай шешім Арменияның бірнеше жылдан бері ұйым алдындағы міндеттемелерін орындамауына байланысты қабылданған.
«Ұйымның жарғысын басшылыққа ала отырып, Арменияны дауыс беру құқығынан айыру, сондай-ақ ҰҚШҰ-дағы жауапты лауазымдарға өз өкілдерін тағайындау құқығынан айыру туралы ұсыныс жасалып, шешім қабылданды», – деді Кремль өкілі.
ҰҚШҰ Бас хатшысы Таалатбек Масадыковтың нақтылауынша, соңғы үш жылда Армения мүшелік жарналарды төлемеген, сондай-ақ ұйымның хатшылығы мен Біріккен штабына өз қызметкерлерін жібермеген. Сонымен қатар ол Арменияны ұйымнан шығару мәселесі қарастырылмағанын атап өтті.
Бұған дейін Ресейдің Сыртқы істер министрі Сергей Лавров ҰҚШҰ-ға мүше елдердің сыртқы істер министрлері Арменияны дауыс беру құқығынан айыру туралы шешім жобасын мемлекет басшыларының қарауына ұсынатынын мәлімдеген еді. Оның айтуынша, мұндай қадамға Ереванның 2024 жылдан бері, яғни екі жылдан астам уақыт бойы мүшелік жарналарды төлемеуі себеп болған.
Сонымен қатар Лавров Арменияның ҰҚШҰ-дан шығу туралы ресми өтініш бермегенін айтты.
«Армения премьер-министрі Никол Пашинян ҰҚШҰ енді өз еліне қызық емес екенін, өйткені ұйымның Армения үшін пайдасыз екенін айтқанымен, мұның бәрі әзірге ешқандай құжатпен расталмаған сөз күйінде қалып отыр», – деді Ресей СІМ басшысы.
Лавровтың сөзінше, Ереван Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт аясындағы негізгі құқықтарының барлығын, соның ішінде ұжымдық қауіпсіздікке қатысты құқықтарын сақтап қалады.
2024 жылдың ақпанында Армения премьер-министрі Никол Пашинян елінің ҰҚШҰ-дағы қатысуын жандандыруға ниетті емес екенін мәлімдеген болатын.
«Егер ұйым Армения Республикасын мүшеліктен шығаруға шешім қабылдаса, мен бұған өте қуанышты болар едім. Қалай болғанда да, бұл бізді ұйымнан шығу немесе шықпау жөніндегі дилеммадан босатар еді», – деген ол 2026–2031 жылдарға арналған үкімет бағдарламасына қатысты депутаттардың сұрақтарына жауап беру кезінде.
Пашинян 2024 жылдың ақпанында Арменияның ҰҚШҰ-ға қатысуын тоқтата тұратынын жариялаған. Ал сол жылдың мамыр айында ел өкілдері ұйымды қаржыландырудан бас тартатынын мәлімдеді.
Армения билігінің ұйымға деген көзқарасының өзгеруіне 2022 жылдың қыркүйегінде Таулы Қарабақтағы қақтығыстың ушығуы да әсер еткен. Ереванның мәлімдеуінше, сол кезде Әзербайжан армиясы Арменияның халықаралық деңгейде мойындалған аумағына басып кіргенімен, ҰҚШҰ ешқандай әрекет жасамаған.
Бұдан бөлек, 2024 жылдың қыркүйегінде Пашинян ҰҚШҰ-ға мүше кемінде екі ел Әзербайжанның Таулы Қарабақтағы соғысқа дайындалуына қатысқанын мәлімдеді. Ал Politico басылымы ұйымдағы Ереванның одақтасы Беларусьтің Бакуге «заманауи қару-жарақ» жеткізгені туралы жазған еді.
Мәскеуде ҰҚШҰ жиыны өтіп жатқанда Армения премьер-министрі Никол Пашинян Антальядағы COP31 климаттық саммитіне аттанған. Онда Армения премьері Түркия президенті Режеп Тайип Ердоғанмен, еларалық қарым-қатынасты оңдау жайын талқылаған. Еске салайық, бұған дейін Арменияның қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Ален Симонян 70 жылдық советтік идеология Түркияны Ереванға жау көрсеткенін айтқан еді.
"3 millions tenge for each project": the national project "National Spiritual Revival" provides many opportunities to young people
