Бурабайда мың көрерменге арналған конгресс-орталықтың құрылысы басталды

173
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/WyCvq237GZNFYalS7s2ys7MpWYwhB0nNUjytH7uu.jpg

Бурабайда халықаралық форумдар, көрмелер мен ірі мәдени іс-шараларды өткізуге арналған көпфункционалды конгресс-орталықтың құрылысы басталды. Жаңа нысан бір мезетте мыңға дейін көрермен қабылдай алады. Жоба өңірдің туристік әлеуетін арттырып қана қоймай, жергілікті тұрғындар үшін де мәдени-шығармашылық орталыққа айналмақ.

Құрылысқа ресми бастау берген Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов жобаның «Халықтық құрылыс» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.

«Бұл жобаның MICE-туризмді дамытудағы маңызы ерекше. Конгресс-орталық инвестиция тартуға, шағын және орта бизнесті, қоғамдық тамақтандыру, көлік және қызмет көрсету салаларын дамытуға серпін береді», – деді облыс әкімі.

Кешен Promenade Burabay аумағында, 3,1 гектар жер учаскесінде орналасады. Екі қабатты ғимараттың жалпы ауданы шамамен 13 мың шаршы метр болады. Мұнда мың орындық көрермен залы, 160 адамға арналған конференц-зал және күніне 500 келушіні қабылдайтын көрме алаңдары қарастырылады.

Сонымен қатар орталықта балалар мен ересектерге арналған шығармашылық студиялар ашылады. Олар вокал, би және музыка бағыттарын қамтып, 2,5 мың тұрғынның шығармашылықпен айналысуына мүмкіндік береді.

Кешен құрамында Қазақстанның тарихы мен мәдениетіне арналған музей кеңістігі де болады. «Қазақстан панорамасы: өңірлер музейлері» экспозициясында еліміздің әр аймағының тарихи-мәдени мұрасы таныстырылады. Сондай-ақ суретшілер мен қолөнер шеберлеріне арналған шеберханалар, цифрлық және мультимедиалық студиялар ашу жоспарланған.

Жобаның басты міндеттерінің бірі – туристік ағынның маусымдық тәуелділігін азайту. Конгресс-орталықтың іске қосылуы жыл бойы конференциялар, көрмелер, концерттер мен түрлі мәдени-білім беру іс-шараларын өткізуге мүмкіндік береді. Бұл қонақүйлер, мейрамханалар мен басқа да кәсіпкерлік нысандарының дамуына оң әсер етеді.

Нысанның құрылысы 2025–2029 жылдарға арналған Щучинск-Бурабай курорттық аймағын дамытудың кешенді жоспарына енгізілген. Құрылысты 2028 жылы аяқтау жоспарланып отыр.

Comments
Other materials