Жасөспірім екпеден кейін көз жұмған

200
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/X6kd7clu4pzHSOHsSRiSpt5CPfXfuHlZ2TyOhgqs.jpg

Фото ЖИ көмегімен жасалған

Алматыда антибиотик екпесінен кейін жағдайы күрт нашарлап, жеті күннен соң қайтыс болған 14 жастағы жасөспірімнің өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды “Адырна”. 

Марқұмның ата-анасы медициналық көмектің қаншалықты дұрыс көрсетілгенін анықтап, істің әділ тергелуін талап етіп отыр. 

“Жетінші арна” дерегінше, марқұм Максим сегізінші сыныпта оқыған. Спортпен шұғылданып, сурет салуға қызыққан. Болашақта дәрігер болуды армандаған. Анасының айтуынша, ұлы мейірімді әрі жанашыр болған.

Ата-анасының сөзінше, тамыз айында жасөспірімнің лимфа түйіндері ұлғайып, олар бірнеше медициналық мекемеге жүгінген. Алайда тағайындалған ем нәтиже бермеген.

21 қазанда ата-анасы Максимді Алматыдағы №37 қалалық емханаға апарған. Инфекционист дәрігер антибиотик тағайындап, препаратты енгізер алдында аллергиялық сынама жасау қажеттігін ескерткен. Алайда ата-анасының айтуынша, екпеден кейін баланың жағдайы күрт нашарлаған.

Мария Кубареваның сөзінше, ұлының жүрегі айнып, денесі шаншып, кейін есінен танып қалған. Емхана қызметкерлері оған шұғыл көмек көрсеткенімен, жағдайы жақсармаған.

Кейін жасөспірім балаларға шұғыл медициналық көмек көрсету орталығына жеткізіліп, жасанды тыныс алу аппаратына қосылған. Дәрігерлер жеті күн бойы оның өмірін сақтап қалуға тырысқанымен, бала көз жұмды.

Қазір марқұмның анасы баланың ауыр аллергиялық реакцияға ұшыраған болуы мүмкін екенін айтады. Отбасы алғашқы медициналық көмектің уақытылы көрсетілген-көрсетілмегенін де тексеруді талап етіп отыр.

Алматы қаласының денсаулық сақтау басқармасы отбасыға көңіл айтып, тексеру нәтижесі бойынша қосымша ақпарат берілетінін хабарлады.

Алматы қалалық ПД мәліметінше, аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалған. Қазір тиісті сараптамалар тағайындалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Comments