Алматыда «Әділетті қоғам құр» жобасы аясында 5 мыңнан астам студент қамтылды

244
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/zxtxbxLtgcyBfDx8PBikzdwB2WZUqjepTQk7mJHw.jpg

Алматы қаласында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» атты кітабын жастар арасында насихаттауға бағытталған «Әділетті қоғам құр» жобасы сәтті жүзеге асырылды.

Аталған бастама аясында мегаполистің жоғары оқу орындарында 30-дан астам кездесу өткізіліп, 5 мыңнан астам студент қамтылды.

Жобаның авторы әрі негізгі спикері – Алматы қаласының студенттік омбудсмені Рабатов Аманжол Азаматұлы. Ол барлық кездесуді өзі жүргізіп, студенттерге Мемлекет басшысының реформалары мен ел дамуының стратегиялық бағыттары жөнінде түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

Іс-шаралардың басты мақсаты – жастардың азаматтық жауапкершілігін арттыру, құқықтық мәдениетін қалыптастыру және қоғамдағы әділеттілік қағидаттарын дәріптеу.

Кездесулер барысында Президенттің «Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» кітабында көтерілген маңызды мәселелер талқыланып, «Заң мен тәртіп» қағидаты, «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы және Абайдың «Толық адам» тұжырымдамасының мәні кеңінен түсіндірілді. Сонымен қатар, мемлекет пен қоғам арасындағы өзара сенім, жастардың ел болашағына қосар үлесі және азаматтық белсенділіктің маңызы сөз болды.

Бағдарлама шеңберінде студенттік омбудсмен институтының қызметіне де ерекше назар аударылды. Аманжол Азаматұлы білім алушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, өтініштерді қарау тетіктері және университеттерде туындайтын мәселелерді шешу жолдары туралы баяндады.

Бұдан бөлек, Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің ғылым мен білім саласындағы бастамалары, студенттердің ғылыми жобаларға қатысу мүмкіндіктері және интеллектуалдық әлеуетті дамыту мәселелері қозғалды.
Жиындарда Мемлекет басшысының «Кітап оқитын ұлт» идеясын жүзеге асыруға бағытталған бастамалары да назардан тыс қалмады. Жастарға кітап оқу мәдениетін қалыптастырудың, әдеби шығармалар арқылы дүниетанымды кеңейтудің және білімге ұмтылудың маңыздылығы айтылды.

Жоба авторының пікірінше, әділетті қоғам құру ең алдымен білімді, саналы және жауапкершілігі жоғары ұрпақ тәрбиелеуден басталады. Осы ретте жас буынның мемлекеттік бастамаларға қатысты өз көзқарасын қалыптастыруы, қоғамдық мәселелерге белсенді араласуы және ел дамуына үлес қосуы маңызды.
Студенттер кездесулерге белсенді қатысып, өздерін толғандырған сауалдарын қойып, түрлі тақырыптар бойынша пікір алмасты. Қатысушылар бастамаға оң бағасын беріп, осындай ашық диалог алаңдарының қажеттілігін атап өтті.
Айта кетейік, «Әділетті қоғам құр» жобасы Алматыдағы студент жастарды ортақ құндылықтар төңірегінде біріктіріп, олардың қоғамдық-саяси сауаттылығын арттыруға бағытталды.
Алматы қаласының студенттік омбудсмені Рабатов Аманжол Азаматұлы алдағы уақытта да жастардың мүддесін қорғау, олардың бастамаларын қолдау және азаматтық қоғамды дамыту бағытындағы жұмыстарды жалғастыруды жоспарлап отыр.

Comments
Other materials