Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күніне арналған салтанатты жиында мәдениет, білім және спорт салаларында еңбек сіңірген бірқатар азаматқа мемлекеттік наградалар табысталатынын айтты. Бұл туралы Ақорда жазды, деп хабарлайды "Адырна".
Президент белгілі сазгер, ұстаз Алтынбек Қоразбаевтың қазақ өнеріне қосқан үлесін атап өтті.
"Осы мерекелік жиынға төл мәдениетіміздің көрнекті өкілі, белгілі сазгер, ұстаз Алтынбек Қоразбаев қатысып отыр. Оның әндері бірнеше буынның жүрегіне жол тауып, қазақ өнерінің алтын қорына қосылды. Мен бүгін Алтынбек Қоразбаевқа ең жоғары марапат – "Отан" орденін табыстаймын", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы даңқты альпинист Қазбек Уәлиевтің жетістіктеріне де тоқталды.
"Қазір арамызда даңқты альпинист Қазбек Уәлиев отыр. Ол дүние жүзінің ең биік шыңдарын бағындырып, әлемдік альпинизмнің аңызына айналды. Мен Қазбек Шәкімұлының ерен еңбегін ескере отырып, оны ІІ дәрежелі "Барыс" орденімен марапаттауды ұйғардым", – деді президент.
