Әлемдік әдебиеттің ұлы туындылары уақыт пен кеңістіктің шекарасын мойындамайды. Бір халықтың рухани қазынасы екінші халықтың жүрегіне жол тапқанда, шығарма жаңа тілде қайта сөйлеп, жаңа мәдени ортада жаңа мағынамен толыға түседі. Осы тұрғыдан алғанда, парсы әдебиетінің алып ескерткіші – Әбілқасым Фирдоусидің «Шаһнамасының» қазақ оқырманына жету тарихында Тұрмағамбет Ізтілеуұлының еңбегі айрықша орын алады.
2026 жыл – қазақ әдебиеті үшін осы мұраны жаңаша пайымдайтын маңызды кезең. Өйткені бұдан тоқсан жыл бұрын, 1936 жылы Тұрмағамбет Ізтілеуұлы Фирдоусидің «Шаһнамасын» қазақ тіліне еркін аударма үлгісінде тәржімалады. Әдеби деректерде ақын аудармасының көлемі шамамен 40 мың жол болғаны көрсетіледі. Бұл – аударма екі үлкен әдеби дәстүрдің, екі тарихи-мәдени кеңістіктің арасындағы рухани көпір.
«Шаһнама» – адамзат өркениетіндегі ең ірі эпикалық шығармалардың бірі. Фирдоуси бұл ұлы туындысын 1010 жылы аяқтаған. Энциклопедия Iranica дерегінде шығарма шамамен 50 мың бәйіттен тұратын алып поэма ретінде сипатталады. Онда Иранның аңыздық және жартылай тарихы, алғашқы патшалардан бастап араб жаулап алуына дейінгі кең тарихи-мифологиялық желі қамтылған. Алайда «Шаһнама» тек белгілі бір елдің патшалары мен батырлары туралы жыр емес. Оның өзегінде адам мен билік, ел мен жер, намыс пен опасыздық, адалдық пен сатқындық, тағдыр мен таңдау секілді адамзатқа ортақ мәселелер жатыр. Сондықтан бұл шығарма ғасырлар бойы өзінің өміршеңдігін жоғалтқан жоқ. Фирдоусидің шығармасы парсы әдебиетінің классикалық биігіне айналғанымен, оның көркемдік қуаты бір ғана мәдени кеңістікпен шектелмеді. «Шаһнама» түркі, араб, үнді және басқа да әдеби-мәдени орталарда оқылып, аударылып, қайта зерделеніп келеді. Осындай алып туындыны қазақ оқырманына жеткізу үшін аудармашының екі тілді білуі жеткіліксіз еді. Мұнда ең алдымен екі әдеби дәстүрдің ішкі табиғатын терең түсіну қажет. Ал, Тұрмағамбет Ізтілеуұлы дәл осындай үлкен міндетті мойнына алған тұлға.
Сыр бойының жыраулық, шайырлық дәстүрін бойына сіңірген ақынның сөз саптауы, өлең өрнегі, образ жасау тәсілі қазақтың ауызша поэзиясымен біте қайнасып жатты. Сондықтан ол «Шаһнамадағы» оқиғаларды қазақ оқырманына жатсындырмай, ұлттық поэтикалық тілдің мүмкіндіктері арқылы жеткізуге ұмтылды. Әдеби деректер Тұрмағамбет аудармасының еркін аударма сипатында болғанын көрсетеді. Бұл ерекшелік оның жұмысын түпнұсқаны сөзбе-сөз көшіру емес, көркемдік тұрғыдан қайта жырлау деңгейіне көтерді.Осы жерде Тұрмағамбеттің ақындық табиғаты, пайым-парасаты мен шығармашылық әлеуеті анық көрінеді. Ол аудармашы ғана емес, жырды қайта сөйлеткен шығармашылық тұлға болды.
Кез келген ұлы шығарманың басқа тілге аударылуы – тілдік мәселе емес. Аудармашы түпнұсқаның мазмұнынымен қатар оның рухын, образдық жүйесін, эмоциялық қуатын жеткізуді мақсат еткен және сол межеден көрінді. Ал эпикалық шығармада бұл міндет тіпті күрделі. Өйткені «Шаһнамадағы» батырлар, патшалар, шайқастар, тағдырлы шешімдер мен адам мінездері бір-бірімен тұтас көркем әлем құрайды. Тұрмағамбет осы әлемді қазақтың жыршылық, шайырлық дәстүрімен сабақтастырды. Сондықтан оның аудармасын қазақтың дәстүрлі эпикалық ойлау жүйесінен бөліп қарауға болмайды.
Сыр бойындағы жыраулық ортада қалыптасқан ақын үшін көлемді оқиғаларды желілі түрде жырлау, кейіпкер бейнесін сомдау, елдік пен ерлік мәселесін алдыңғы қатарға шығару – табиғи поэтикалық кеңістік еді. Осы тұрғыдан алғанда, Тұрмағамбеттің «Шаһнамасы» қазақтың жыршылық дәстүрі мен әлемдік эпикалық мұраның тоғысқан тұсы деуге болады. Фирдоуси мен Тұрмағамбеттің өмір сүрген кезеңдерінің арасында мың жылға жуық уақыт жатыр. Бірақ олардың шығармашылық тағдырында бір үндестік бар, екеуі де сөз өнері арқылы тарихи жадыны сақтауға қызмет етті. Фирдоуси ежелгі аңыздар мен тарихи жадты алып эпикалық шығармаға жинақтаса, Тұрмағамбет сол мұраны қазақтың көркем тілі арқылы жаңа оқырманға ұсынды. Фирдоуси «Шаһнаманы» аяқтаған кезде шамамен жетпіс бір жаста болғаны туралы ғылыми дерек бар. Шығарманың аяқталу мерзімі 1010 жылмен белгіленеді. Ал, Тұрмағамбет ХХ ғасырдың алғашқы жартысында, яғни 54 жасында осы әлемдік мұраға қайта оралып, оны қазақтың жыршылық-дастаншылық дәстүрі тұрғысынан игерді. Бұл – әдебиеттер арасындағы ерекше сабақтастықтың ерекше үлгісі.
«Шаһнама» төңірегіндегі әңгімелердің ішінде Фирдоуси мен Ғазнауи билеушісі Сұлтан Махмұд арасындағы қарым-қатынасқа қатысты көптеген аңыздар бар. Тарихи деректерде Махмұдтың түркі текті билеуші болғаны көрсетіледі. Фирдоуси шығармасын осы сұлтанға арнаған. Алайда ақынның сыйақы алуы, оның көлемі және кейінгі қарым-қатынасы туралы ортағасырлық деректердің арасында қайшылықтар бар. Iranica энциклопедиясы бұл оқиғалардың бірқатар тұстары кейінгі әдеби дәстүрде аңыздық сипат алып, оларды толық тарихи факт ретінде қабылдауға болмайтынын атап көрсетеді. Сондықтан бүгінгі зерттеуші үшін маңыздысы – аңызды жоққа шығару немесе қайталау емес, оның қайнарын ажыратып, тарихи дерек пен кейінгі әдеби аңызды өз орнымен қарастыру. Бұл мәселе Тұрмағамбетті зерттеу үшін де маңызды. Өйткені ұлы тұлғалардың мұрасын насихаттау олардың айналасындағы барлық әңгімені бұлжымас тарихи факт ретінде қабылдауды емес, керісінше дерекке мұқият қарауды талап етеді. 1936 жылы Тұрмағамбет «Шаһнаманы» қазақ тіліне аударғанда, ол әлемдік классиканы қазақ оқырманына жақындатудың аса ірі шығармашылық тәжірибесін жасады. Әдеби порталдағы мәлімет бойынша, ақын аудармасының көлемі 40 мың жолға жуық болған. Оның еңбегін Мұхтар Әуезов, Сәкен Сейфуллин, Темірбек Жүргенов және басқа да қайраткерлер жоғары бағалағаны көрсетіледі. Бүгін, арада тоқсан жыл өткенде, сол мұраға қайта үңілу – өткенді еске алудан бұрын, алыптар тудырған шығармаға деген ұрпақтың адалдығын сезінеміз. Бұл – қазіргі қазақ әдебиетінің әлемдік әдебиетпен байланысын қайта қарау. Бұл – аударма өнерінің табиғатын бағалау. Бұл – Сыр бойындағы жыраулық дәстүрдің мүмкіндігін тану. Бұл – Тұрмағамбет тұлғасын жаңа ғылыми деңгейде зерттеу.
Әлемдік әдебиетті ұлттық тілге аудару – сол халықтың әдеби мүмкіндігін де көрсетеді. Өйткені ұлы туындыны аудару барысында тілдің бейнелеу қуаты, сөздік қоры, ырғақтық мүмкіндігі, образ жасау қабілеті сыналады. Тұрмағамбеттің «Шаһнамасы» осы тұрғыдан да құнды. Ол қазақ тілінің эпикалық тынысын кеңейтті. Қазақ оқырманы Фирдоусидің кейіпкерлерін, батырлық дастандарын, патшалар мен қаһармандар тағдырын өзіне таныс поэтикалық тіл арқылы қабылдау мүмкіндігіне ие болды. Сондықтан Тұрмағамбеттің еңбегін бір ғана аударма фактісімен шектеу жеткіліксіз. Оны қазақ әдебиетінің әлемдік әдебиетпен байланысын күшейткен шығармашылық құбылыс ретінде қарастыру қажет. «Шаһнама» мен Тұрмағамбет мұрасын бүгін қатар атаудың мәні де осында. Фирдоуси – әлемдік эпикалық дәстүрдің биік өкілі. Тұрмағамбет – сол әлемдік мұраны қазақтың көркем ойлау жүйесіне жақындатқан Тұркінің саңлақ ақыны. Бірі – мың жылдық биіктен жеткен ұлы дастанның авторы. Екіншісі – сол дастанды қазақтың жыр тілімен қайта сөйлеткен ұлы шайыр. Сондықтан «Шаһнама» мен Тұрмағамбетті жалғастырып тұрған басты ұғым – осы сабақтастық. Әдеби мұраның өміршеңдігі де осында. Ұлы шығарма бір дәуірде жазылып, бір тілде қалып қоймайды. Ол басқа халықтың рухани әлеміне енген сайын жаңа тыныс алады. Тұрмағамбеттің «Шаһнамасы» – осындай рухани сапардың жарқын мысалы.
2026 жылы оның бұл еңбегінің 90 жылдығына орай «Шаһнама» және Тұрмағамбет – әлемдік әдебиеттің мәңгілік мұрасы» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясының өткізілуі де осы сабақтастықты ғылыми тұрғыдан зерделеуге мүмкіндік береді. Басты міндет – Тұрмағамбетті тек өткен дәуірдің ақыны ретінде таныстыру емес. Оның мұрасын қазіргі қазақ қоғамының рухани сұранысымен байланыстыра зерттеу. «Шаһнаманы» тек шығыстың көне эпосы ретінде емес, адамзаттың ортақ әдеби қазынасы ретінде түсіну.
Ал Тұрмағамбет шығармашылығын қазақ әдебиетінің әлемдік мәдени кеңістікпен сұхбатына қосылған елеулі үлес ретінде бағалаған орынды болмақ. Өйткені ұлы мұраның ғұмыры оның жазылған жылымен өлшенбейді. Оның ғұмыры – әр ұрпақтың оны қайта оқып, қайта түсініп, қайта сөйлетуімен жалғасады. Тұрмағамбеттің «Шаһнамасы» да – осындай мәңгілік әдеби сапардың бір белесі.
Рзақұл Сәденұлы
