АҚШ Орталық Азия елдерімен стратегиялық әріптестікті күшейтпек

142
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/pz2VbqyxCAqsZtbnb90FmwQsxyDqePQo6NzC1oig.webp

Фото: Report

Америка Құрама Штаттары Орталық Азия елдерімен қарым-қатынасты дамытуға үлкен мән береді және өңір мемлекеттерімен ынтымақтастықты нығайтуды көздейді. Report агенттігінің хабарлауынша, бұл туралы АҚШ Мемлекеттік хатшысы әрі президенттің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Марко Рубио Өзбекстанға аттанар алдында журналистермен әңгімелесу барысында айтты, деп хабарлайды “Адырна”.

«Әңгіме тек Өзбекстан туралы ғана емес, Орталық Азияның басқа төрт елі туралы да болып отыр. Бұл – маңызды қарым-қатынастар», - деп атап өтті Рубио.

Оның айтуынша, ынтымақтастықты нығайту үшін өңір мемлекеттерімен тікелей байланыстарды сақтап отыру қажет. Мемлекеттік хатшы алдағы сапарын стратегиялық маңызы бар сапар деп сипаттады.

Өзбекстанда Рубио C5+1 форматындағы сыртқы істер министрлерінің кездесуіне қатысады. Сондай-ақ Орталық Азия елдерінің өкілдерімен екіжақты келіссөздер жүргізеді.

2015 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан C5+1 форматы АҚШ пен Орталық Азияның бес мемлекетін – Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстанды біріктіреді.

 

АҚШ Мемлекеттік департаментінің мәліметінше, Өзбекстанға америкалық ірі бизнес өкілдерінің 200-ден астамы да барады.

 

Вашингтон олардың қатысуы АҚШ пен Орталық Азия елдері арасындағы сауда байланыстарын дамытудың жаңа кезеңіне жол ашады деп үміттенеді.

Comments