Ормуз бұғазында кемелерге жасалған шабуылдар рекордтық деңгейге жетті

220
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/xlsiJNqtNDSognl6C3aUyTiyMoB3lScPHVJiZiQE.jpg

Фото: Forword Seamen's Union of India

Ормуз бұғазы мен оған жақын аумақтарда кемелерге жасалған шабуылдар саны рекордтық деңгейге жетті. BBC Verify талдаған Ұлыбританияның теңіз сауда операциялары басқармасының (UKMTO) деректеріне сәйкес, 5–11 қазан аралығында 12 кемеге шабуыл жасалған. Алдыңғы аптада бұл көрсеткіш 10 болған, деп хабарлайды “Адырна”.

UKMTO мәліметінше, өткен жексенбіде бір күнде алты кемеге шабуыл жасалып, тәуліктік рекорд тіркелді. Шабуылдар салдарынан Никарагуа туымен жүзген Petro Dolphin танкері өртеніп кеткен.

Теңіздегі барлау қызметтерін көрсететін Vanguard компаниясының мәліметінше, танкер Оманның Сухар портына жақын жерде дрон шабуылына ұшыраған. Бұл орын Ормуз бұғазынан 250 шақырымнан астам қашықтықта орналасқан.

Үндістандық 11 экипаж мүшесі құтқарылған. Алайда тағы екі адам хабар-ошарсыз кеткендер қатарында. Бұл туралы Үндістан теңізшілерінің Forward Seamen's Union of India кәсіподағы хабарлады.

Сондай-ақ  GFS Pride контейнер кемесі бұғазда суға батып, оның 21 экипаж мүшесі эвакуацияланды.

Иран Ислам революциясы сақшылар корпусы (КСИР) бұл кеменің суға батып бара жатқанын көрсететін бейнежазбаны жариялады. Корпус өкілдерінің мәлімдеуінше, кемеде «контрабандалық тауарлар тиелген 2 500 контейнер» болған және ол «рұқсат етілмеген бағытпен» жүрген.

Kpler компаниясының мәліметінше, 13 қазанда Ормуз бұғазы арқылы тәулігіне 12,6 млн баррель мұнай тасымалданған. Бұл қыркүйек соңындағы 15 млн баррельден және қақтығысқа дейінгі 17 млн баррельден аз.

АҚШ Әскери-теңіз күштерінің мәліметінше, қазанның алғашқы 10 күнінде Ормуз бұғазы арқылы өту кезінде көмек алған кемелер саны тамыздың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 85%-ға артқан.

Сарапшылардың пікірінше, Иран бұғаздағы бақылауын күшейту үшін шабуылдарды жиілетіп, оларды Оман шығанағы мен Парсы шығанағы елдерінің жағалауларына дейін кеңейтіп отыр. Ал АҚШ күштері мен аймақтық серіктестер коммерциялық кемелердің қауіпсіз өтуіне көмектесуде.

Мамандардың бағалауынша, шабуылдардың көбеюі мұнай тасымалына қауіп төндіріп, әлемдік энергетикалық нарыққа әсер етуі мүмкін.

Comments