Қазақстандық Бішкектегі мемлекеттік цирк директоры болып тағайындалды

96
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/EBGrrDSTObfIuLNyaZFugLHvTMD6zOrohvOXmYOj.webp

Қазақстан азаматы Нұрлан Қонақбаев Қырғызстанның мемлекеттік циркінің директоры болып тағайындалды. Тиісті шешімді Қырғызстан президенті Садыр Жапаров қабылдады, деп хабарлайды "Адырна".

24.kg басылымының мәліметінше, мемлекет басшысы жаңа директорды қабылдап, цирк ұжымындағы мәселелерді шешуді тапсырған. Президенттің айтуынша, сырттан басшы шақыруға әртістер мен әкімшілік арасындағы ұзаққа созылған жанжалдар себеп болған.

2023 жылы Садыр Жапаров цирк ғимаратын күрделі жөндеуден өткізу туралы тапсырма берген. Ғимарат жаңартылып, өнер көрсетуге арналған жағдай жақсарғанымен, ұжым ішіндегі келіспеушіліктер жалғасқан. Енді жаңа басшының алдында еңбек тәртібін реттеу, ұжымдағы қалыпты ахуалды қалпына келтіру және қойылымдар бағдарламасын кеңейту міндеті тұр. Сонымен қатар Қырғызстанға шетелдік цирк ұжымдарын тарту жоспарланып отыр.

Бұған дейін циркті Светлана Аширова басқарған. Ол бұл қызметке 2024 жылдың күзінде тағайындалған. Алайда бірнеше айдан кейін қызметкерлер тарапынан сынға ұшырады. Әртістер оны қысым көрсетті, басқару ісінде біліксіздік танытты және ұжымның ыдырауына себеп болды деп айыптаған. Аширова бұл айыптауларды жоққа шығарған.

2025 жылдың қаңтарында ол қызметінен босатылып, бірнеше күннен кейін қайта тағайындалған. Ал 2026 жылдың тамызында цирк қызметкерлері президенттен көмек сұраған. Олардың мәліметінше, мекемеде жұмыс істеген 186 адамның жүзден астамы цирктен кеткен. Аширова кейбір лауазымдардың бастапқыдан бос болғанын, ал бірқатар әртістің жалақының төмендігіне байланысты жұмыстан шыққанын айтқан.

Нұрлан Қонақбаев 41 жаста. Ол Қырғызстанда дүниеге келгенімен, кәсіби мансабын Қазақстанда қалыптастырған. Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрында балет солисі болып жұмыс істеген. Кейін халықаралық гастрольдер мен мәдени жобаларды ұйымдастырумен айналысқан.

2024 жылдың желтоқсанында Қонақбаев Almaty Theatre театрының басшысы болып тағайындалған. Сонымен қатар ол Қазақстан мен АҚШ-та гастрольдер, балет қойылымдары және шетелдік әртістердің өнер көрсетуін ұйымдастыратын екі компания құрған.

Comments