Бектенов бензин сапасына қатысты шағымдарға жауап берді

131
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/ipOXuxJbDtf4tHpKmeQ64gXpQ3Ol7M3HQXgxyWfp.jpg

Премьер-министр Олжас Бектенов халықтың бензин сапасына қатысты шағымдары жиілегеніне байланысты жолданған депутаттық сауалға жауап берді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Қыркүйекте депутат Асхат Рахымжанов қазақстандықтардың жанармай сапасына қатысты шағымдарынан кейін жанармай құю бекеттерінен аяқасты сынама алуды ұсынған болатын. Оның айтуынша, соңғы уақытта АИ-95 және АИ-98 маркалы автомобиль бензинінің сапасы күрт нашарлағанына байланысты азаматтардан көптеген шағым түскен.

«Жанармай құйғаннан кейін көліктер дұрыс жұмыс істемей, оталдыру білтелері, катализаторлар және басқа да қымбат бөлшектер істен шыға бастайды. Кейбір жағдайда көлік иелері жөндеуге 200 мыңнан 600 мың теңгеге дейін жұмсауға мәжбүр. Бұл көптеген отбасының бюджетіне едәуір салмақ түсіреді», – деген еді ол.

Депутат сол кезде сауалын Үкімет басшысына жолдаған. Олжас Бектеновтің жауабы бүгін Құрылтайдың ресми сайтында жарияланды.

Премьер-министр 2026 жылдың басынан бері Қазақстанда бензиннің 78 сынамасы зерттелгенін хабарлады. Алматы қаласында, Қызылорда облысында және Жетісу облысында алынған үш сынаманың зертханалық талдауы жанармайдың белгіленген талаптарға сәйкес келмейтінін растаған.

Техникалық реттеу және метрология комитеті жанармай құю бекеттерінде жоспардан тыс тексерулер мен бақылау мақсатында сатып алуды қоса алғанда, 76 бақылау іс-шарасын өткізген. Анықталған заңбұзушылықтар бойынша заңнамаға сәйкес шаралар қабылданған.

«Жанармайдың белгіленген талаптарға сәйкес келмейтіні анықталған жағдайда кінәлі тұлға мемлекеттік бақылау мен зертханалық зерттеулердің нәтижелері негізінде айқындалады», – деп жауап берді Бектенов.

Сондай-ақ ол 25 тамызда Павлодар мұнай-химия зауытында тексеру жүргізілгенін еске салды. Зауытта алынған бензин сынамаларына жүргізілген зертханалық зерттеулер олардың белгіленген талаптарға толық сәйкес келетінін көрсеткен.

Қазір ведомствоаралық комиссия бензин өндіруден бастап оны түпкілікті тұтынушыға өткізуге дейінгі барлық технологиялық және логистикалық процестерге аудит жүргізіп жатыр. Оның қорытындысы бойынша отын айналымының сапасын бақылауды күшейтуге бағытталған қажетті шаралар әзірленеді.

Бұдан бөлек, мұнай өнімдерінің сапасын қадағалап отыруды қамтамасыз ету үшін Құрылтайдың қарауында заң жобасы жатыр. Онда мемлекеттік бақылаудың бір түрі ретінде тергеп-тексеру тетігін енгізу көзделген.

«Бұл анықталған сәйкессіздіктердің себептерін анықтауға және өнімнің жеткізілу тізбегін өндірушіге немесе импорттаушыға дейін қадағалауға мүмкіндік береді», – делінген депутаттық сауалға берілген жауапта.

Сонымен қатар отынның әр партиясын өндірушіден немесе импорттаушыдан бастап нақты жанармай құю бекетіне дейін қадағалау шаралары пысықталып жатыр. Бұл ретте отынның шығу тегі мен зертханалық бақылау нәтижелері туралы мәліметтерге QR-код беру мәселесі де қарастырылуда.

Бұған дейін әлеуметтік желілерде қазақстандықтардың АИ-92 және АИ-95 маркалы бензиннің сапасына шағымданған жазбалары жарияланған болатын. Кейбір қолданушы көліктерінің бұзылғанын да хабарлап, мұны сапасыз жанармаймен байланыстыруы мүмкін екенін айтқан.

 

Comments