Алматы тауларында жоғалып кеткен Оңтүстік Корея азаматын іздеу жұмыстары жалғасып жатыр, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, құтқарушылар Корея Республикасының азаматын іздеу аясында таулы аймақтарды тексеруді жалғастыруда.
«Іздеу жұмыстары жер бедерінің күрделілігіне, аумақтың ауқымдылығына және биіктік айырмашылықтарының көп болуына байланысты қиын жағдайда жүргізілуде. Әсіресе жетуі қиын учаскелерге, тау беткейлеріне, шатқалдарға және өтуге қолайсыз басқа да аймақтарға ерекше назар аударылуда», – деп жазды министрліктің баспасөз қызметі.
Іздеу-құтқару жұмыстарына ТЖМ қызметкерлері мен еріктілерден құралған 88 адам, 10 техника, үш кинологиялық топ және жеті ұшқышсыз ұшу аппараты жұмылдырылған.
«Іздеу жұмыстары үздіксіз жүргізілуде. Тартылған күштер мен құралдар таулы аумақтарды кезең-кезеңімен тексеріп жатыр. Іздеу-құтқару операциясының барысы ТЖМ-нің тұрақты бақылауында», – делінген хабарламада.
Еске салайық, 1953 жылы туған Оңтүстік Корея азаматының жоғалғаны туралы ақпарат құтқарушыларға 29 қыркүйекте түскен болатын.
