Соғыстағылар тағдыры. Ресей елшілігі Қазақстан министріне уақытша сенімді өкілін жіберді

103
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/esqjzPFJ3iJBJsUx6IvsdkZoZ9PXQEgGbQGSIzkw.jpg

ҚР Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Ресейдің Қазақстандағы Уақытша сенімді өкілі Александр Комаровпен кездесті. Бұл туралы СІМ 2 қазанда хабарлады, деп жазады “Адырна”.

Кездесуде соғыс қимылдары аймағында қалған Қазақстан азаматтарының жағдайы талқыланды.

Тараптар қазақстандық азаматтарды елге қайтару бойынша бірлескен іс-қимылдарды әзірлеу туралы уағдаласты.

Осыдан кейін ҚР СІМ ведомствоның ресми өкілі Жанболат Үсеновтің мәлімдемесін жариялады.

Оның айтуынша, бұқаралық ақпарат құралдарында Қазақстан азаматтарының елге оралуына көмек көрсету туралы өтініштері таралып жатыр.

«Сыртқы істер министрлігі бұл жағдайға барынша байыппен қарайды. Шетелдегі Қазақстан азаматтарының құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғау – министрлік қызметінің сөзсіз басымдығы. Қазақстан Республикасының СІМ әлемнің түрлі елдері мен өңірлеріндегі соғыс аймақтарынан отандастарымызды қайтару бойынша практикалық тәжірибеге ие», – деді Жанболат Үсенов.

Оның мәлімдемесінде Қазақстан азаматтары туралы толық әрі нақты ақпаратты бұқаралық ақпарат құралдарынан емес, олардың өздерінен немесе туыстарынан тікелей алу маңызды екені атап өтілген. Қазірдің өзінде кейбір отбасылар министрлікке көмек көрсету туралы өтінішпен жүгінген.

ҚР СІМ әскери қимылдар аймағында қалған қазақстандықтардың туыстарынан өтініштер қабылдау үшін арнайы жедел желі жұмыс істейтінін хабарлады.

«Азаматтардың құқықтық қорғалуын қамтамасыз ету үшін министрлікке олардың аты-жөні, туған күні, болжамды орналасқан жері, сондай-ақ жасалған еңбек келісімшарттарының талаптары туралы мәліметтерді қоса алғанда, толық ақпарат қажет», – делінген хабарламада.

Қазіргі уақытта СІМ қазақстандықтарды елге қайтару бойынша бірлескен шараларды әзірлеу үшін Ресей тарапымен консультацияларды жалғастырып жатыр.

Жақын уақытта Қазақстанның Ресейдегі елшісі Ресей Сыртқы істер министрлігі мен Қорғаныс министрлігінің басшылығымен кездесулер өткізеді.

Министрлік жүргізіліп жатқан жұмыстың барысы мен нәтижелері туралы қосымша ақпарат берілетінін мәлімдеді.

Comments