Кейіпкері — Қара Қожа. Балалар киносының шебері Абдолла Қарсақбаевтың алтын ғасыры

268
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/UpRNvyAD48FzS9ec4ltlidVlDmOjRi7Cso8201wv.jpg

Бүгін қазақ киносының көрнекті өкілі, режиссер Абдолла Қарсақбаевтың туғанына 100 жыл толды.

Абдолла Қарсақбаев 1926 жылы 2 қазанда Алматы облысының Жамбыл ауданында дүниеге келген. Ол қазақ киносының дамуына елеулі үлес қосып, әсіресе балалар мен жасөспірімдерге арналған фильмдерімен танылды.

Режиссердің шығармашылық жолындағы ең танымал туындыларының бірі — «Менің атым Қожа» фильмі. 1963 жылы түсірілген картина Бердібек Соқпақбаевтың повесі негізінде экранға шықты. Фильмде мектеп оқушысы Қожаның өмірі, мінезі, достары мен қоршаған ортасы суреттеледі.

«Менің атым Қожа» картинасы қазақ балалар киносының классикалық туындыларының біріне айналды. Фильм 1967 жылы Канн халықаралық кинофестивалінің балалар мен жасөспірімдерге арналған фильмдер байқауында жүлдеге ие болды.

Абдолла Қарсақбаев 1947 – 1983 жылы «Қазақфильм» студиясында режиссеры болып «Ана мен бала» (1955), «Егер біздің бәріміз де...» (1961, екеуін де реж. С.Қожықовпен бірге), «Қанатты сыйлық» (1956, А.Слободник және Э.И. Файкпен бірге), «Ботагөз» (1957, Е.Е. Аронмен бірге) атты көркем фильмдерді қоюға қатысты.

Тарихи тақырыпқа «Қилы кезең» (1968), «Даладағы қуғын» (1979, КСРО ХШЖК-нің күміс медалі) секілді фильмдерді, «Менің атым Қожа» (1963, Т.Дүйсенбаевпен бірге, 1964 жылы өткен Орталық Азия мен Қазақстан кинематографияшыларының байқауының және 1967 жылы Канн қаласында өткізген халықаралық кинофестивальдың дипломына ие болды).

«Балалық шаққа саяхат» (1969), «Менің ағам» (1972),  «Қатарыңнан қалма» (1974, телефильм); «Оу, ковбойлар» (1975), «Алты жасар Алпамыс» (1976; 1977 жылы Ригада өткен Бүкілодақтық 10 кинофестивальдің жүлдегері), «Балалық шақтың кермек дәмі» (1982) көркем фильмдерін, сонымен қатар «Қазақ халқының қолөнері» (1958), «Торғай шегі» (1963), «Черкасск қорғаны» (1970), «Ақтөбе» (1972), т.б. деректі фильмдерін қойған.

«Біріншіден, мен балалар туралы фильм ғана емес, үлкендерге де арналған бірнеше картина түсіргенмін. Дегенмен, жұмыстарымның басым көпшілігі балаларға арналған. Сол себепті де мені балалар өздеріне толық еншілеп алса керек. Оған мен қуанбасам, ренжімеймін. Өйткені, мен балалық шағымды сағынамын. Бүгінгі ұрпақпен жұмыс істеуге соншалықты құштармын», - деген екен Абдолла Қарсақбаев көзі тірісінде.

Қарсақбаевтың режиссерлік қолтаңбасының ерекшелігі – кейіпкерлерді табиғи қалпында көрсетуі және балалардың ішкі әлемін шынайы жеткізуі. Оның фильмдері бірнеше буын көрерменінің сүйікті туындыларына айналды.

1978 жылы Қазақстанның Еңбек сіңірген өнер қайраткері атағын алды. 1983 жылы 2 қыркүйекте дүниеден өтті.

Comments