Радио үні – халық үні

181
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/s4fibj5KNmcgq9opilMdRr2B1iaa7bK47IVj4fYE.jpg

«Шалқар» радиосы - қазақтың күретамыры, ұлттың үнжариясы. Ғасырлар қойнауынан келе жатқан төл мұрамызды насихаттауда өлшеусіз еңбек етіп келе жатқан ұлттық радио әлі де тың жаңалықтарымен тыңдарманын қуанта бермек. Биыл біз үшін ерекше, шығармашылық табыс пен еңбектің жемісіне толы жыл болды.

Өйткені ұлттың үнжариясы «Шалқар» радиосының 60 жылдық мерейтойы және бұл той жыл басынан бері  атап өтілуде. Мерейтойлық шаралар аясында қазақтың тұңғыш радиодикторы, Қазақ радиосының ардагері, КСРО-ның Құрметті радисі, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Мина Сейітова атындағы  дикторлар байқауы  жарияланған болатын. Байқаудың демеушісі – көрнекті жазушы «Ғабиден Құлахмет» қоры.                                                                                

Қазақтың тұңғыш радиодикторы, Қазақ радиосының ардагері, КСРО-ның Құрметті радисі, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Мина Сейітова атындағы  дикторлар байқауына 17 мен 35 жас аралығындағы үміткерлер қатысты. Бұл сайыста мектептің 11-сынып оқушыларынан бастап, колледж және ЖОО студенттері және әр түрлі саланың мамандары өзінің бағын сынады. Байқаудың талабы бойынша, жазушы Ғабиден Құлахмет шығармаларынан екі минуттық мәтінді оқып, аудиофайлмен бірге өзінің қысқаша өмірбаянын  жолдаған болатын.

Жазушы шығармашылығына терең бойлап, өзі таңдап алған бөлімді тыңдаушыға шебер жеткізу және дауыс көркемдігі мен тіл анықтығын қазылар алқасы жіті бақылады. Нәтижесінде байқауға 36 жұмыс келіп түсті. Байқау шартына жасы сәйкес келмей жұмысы қабылданбаған қатысушылар саны-5, Әнуарбек Байжанбаев атындағы байқаудың жеңімпазы ретінде қатыса алмаған жұмыс саны-2 болды. Қалған 29 қатысушыны сараптап, тамыршыдай дәл басқан қазылар алқасы шынайы жүйрікті анықтауда біраз тер төкті.                                                                                                                                  

Бұл шараға «Қазақ радиолары» ЖШС директоры Нұртас Солтанұлы, жазушы Ғабиден Құлахмет қорының» өкілі Тимур Темірболатов, радио ардагері, диктор Аманжан Еңсебайұлы, “Қазақстан” Ұлттық арнасының бас продюсері Болат Мүрсәлім және радио ұжымы қатысты.   

Дикторлар байқауы-«Шалқар» радиосының төл бренді. Биылғы сайыс  «Шалқар» радиосының 60 жылдық мерейтойымен тұспа тұс келіп отыр.   Осы қазақтың тұңғыш радиодикторы Мина Сейітова атындағы дикторлар байқауының ашылуы ардақты диктордың «Алтын қорымызда» сақталған үнін тыңдаудан басталды. Алғашқы құттықтау сөз  кезегін алған «Қазақ радиолары» ЖШС директоры Нұртас Солтанұлы Ғабиден Құлахмет қорының өкілі Тимур Темірболатовқа «Алғыс хат» табыстады.

Қазақта бап шаба ма, бақ шаба ма деген аталы сөз бар. Байқаудың қазылар алқасының төрағасы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ардагер диктор Аманжан Еңсебайұлы ағамыз қаншама үміткердің ішінен бағы озып, дикторлар байқауының жеңімпазы деген мәртебелі атаққа ие болған жүлдегерлерді құттықтап, батасын берді.

Бес ынталандыру сыйлығын Астана қаласындағы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде журналистика мамандығы бойынша 3-курс студенті Асыл Мырзағалиев пен «Жетісу» радиосында редактор,   «Жолың болсын жолаушы» хабарының жүргізушісі Жұмаділ Арайлым және Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Журналистика факультетінің 2-курс студенті Айқын Мали, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясының 2-курс студенті, «Шалқар» радиосының тұрақты тыңдарманы Жолдас Рауан, Шахмардан Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университеті Электр энергетикасы тобының 1-курс студенті Ермұрат Орынбаев  иеленді.

3 орын КИМЭП Университетінің Менеджмент мамандығы бойынша студенті, Орталық Азия цифрландыру сарапшылары қауымдастығының (CADEA) вице-президенті және құрылтайшысы Сарқытбай Ерсұлтан, «Jibek Joly/Silk Way» телеарнасы эфирлік қамтамасыз ету қызметінің эфир аға редакторы Ақмарал Берғазденова, Есік қаласындағы «Есік гуманитарлық - педагогикалық» колледжіне  «Қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі» мамандығының 3-курс студенті Тұрғынбек Айбынға бұйырды.                                            

2 орынды  Сүлеймен Демирел атындағы университет журналистика факультетінің 1-курс студенті Нұрғали Нұрайым мен Жетісу обылысы  Текелі қаласындағы  № 5-мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәні  мұғалімі Әділет Серікұлына табыстады.                                                                            

1 орынды  «Тұран ТВ» телеарнасының журналист-редакторы Құрманқұл Дарын және   «Хабар» телеарнасы «Ойнайық!»  бағдарламасының жүргізушісі, актер, шоумен Олжабай Дарын, яғни қос Дарын есімді жігіттер иеленді.                                                                                                                                 

Ал бас жүлдені «Kultobe podcast» ютуб арнасының журналисі және Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің аға оқытушысы Берікбол Төлеген ұтып алды.  Бұл жеңіс –талмай еңбектенудің, көп ізденістің, радиоға деген сүйіспеншіліктің жемісі.  Құттықтаймыз! Байқауға қатысушыларға алдыңғы буын аға-апаларының жолын берсін.    

Сөз соңында, Қазақ радиосының ардагері, КСРО-ның Құрметті радисі, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Мина Сейітова атындағы  дикторлар байқауына демеушілік жасаған жазушы Ғабиден Құлахмет қорына  алғыс білдіреміз! «Шалқар»  радиосы шарықтай берсін!

Comments
Other materials