Алдымен 86, кейін 49. «Единая Россия» соғысқа қатысушылар мандаты туралы деректі өзгертті

109
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/XFLhC08NltywUHYG77LZQSfaEAHOUlI1IXasWf5G.jpg

«Единая Россия» партиясының басшылығы БАҚ-тан Украинаға қарсы Ресей соғысына қатысушылар Мемлекеттік Думаның IX шақырылымында 86 мандат алғаны туралы хабарламаны алып тастауды талап етті. Бұл туралы 21 қыркүйек күні РИА «Новости» агенттігі сайттағы жаңалықты өшіргенін хабарлады. Бұған «Единая Россия» партиясының баспасөз қызметінің «деректер нақтыланғаннан кейінгі өтініші» себеп болғаны айтылды.

Сол күні бұған дейін «Единая Россия» партиясының Бас кеңесінің хатшысы Владимир Якушев ТАСС-та өткен баспасөз мәслихатында Мемлекеттік Дума сайлауында осы партия атынан 86 соғысқа қатысушы жеңіске жеткенін мәлімдеген еді. Сонымен қатар, оның айтуынша, партияның «Молодая гвардия» жастар ұйымының тағы екі мүшесі депутаттық мандат алады.

Ол соғысқа қатысушылардың Думаға өтуін «елеулі үлес» деп атап, «Единая Россия» бұл адамдарға «алдымен кандидат, кейін биліктің әртүрлі деңгейлерінде депутат болуға» көмектесетінін мәлімдеді.

«Агентство» басылымының хабарлауынша, ТАСС сайтында Якушевтің мәлімдемесі туралы жаңалық жарияланбаған. Кейін бұл мемлекеттік БАҚ Якушевке сілтеме жасап, «Единая Россия» партиясынан Мемлекеттік Дума депутаттарының мандатын Украинадағы соғысқа қатысқан 49 адам алатыны туралы басқа ақпарат жариялады.

«Агентство» атап өткендей, маусым айында «Единая Россия» Мемлекеттік Дума сайлауына партия атынан Украинаға қарсы соғысқа қатысқан 76 адамның кандидат ретінде қатысатынын мәлімдеген. Олардың кемінде 26-сы соғысқа қатысқан, бірақ толыққанды жауынгерлік іс-қимылдарға араласпаған билік өкілдері болған.

18 қыркүйек күні «Единая Россия» Мемлекеттік Дума сайлауына 80 соғысқа қатысушыны ұсынды.

Мемлекеттік Дума сайлауында «Единая Россия» партиясы 57,82% дауыс жинады. Бұл туралы Ресейдің Орталық сайлау комиссиясы (ОСК) хаттамалардың шамамен 97%-ы өңделгеннен кейін мәлімдеді.

Екінші орында КПРФ – 13,76%, үшінші орында ЛДПР – 9,01%, төртінші орында «Новые люди» партиясы – 7,96% дауыс жинады.

95%-дан астам бюллетень өңделген кезде «Справедливая Россия» партиясы 4,96% дауыс жинап, бес пайыздық межеден өте алмады. Алайда хаттамалардың 96,95%-ы өңделгеннен кейін ОСК «Справедливая Россия» партиясына сайлаушылардың дәл 5%-ы дауыс бергенін хабарлады. Осылайша, ол жаңа шақырылымдағы Мемлекеттік Думаға өткен бесінші партия болды.

ОСК мәліметінше, сайлаушылардың қатысу көрсеткіші 59,32% болды.

Сайлау Ресей басып алған Украина аумақтарында да өткізілді. Соғысқа қарсы шыққан жалғыз ірі партия – «Яблоко» – сайлаудан шеттетілді.

Германия мен Еуропалық Одақ Ресейдегі парламент сайлауын сынап, оны «қойылым сипатындағы» сайлау деп бағалады және оппозицияға қарсы жүргізілген репрессияларға назар аударды.

Comments
Other materials