Ақмола облысының Hi-Pro санатындағы астығын Еуропаға тікелей жеткізу жоспарлануда

140
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/lgZighrKKSX86JHgXG7PL1NO1xGk7PHjC80iO04z.jpg

Ақмола облысы астықты Еуропа нарығына экспорттауды кеңейтіп, жергілікті шаруашылықтардың шетелдік трейдерлермен тікелей байланысын жолға қоюды жоспарлап отыр. Биыл өңірден шамамен 2,8 млн тонна астық және 235 мың тоннадан астам майлы дақыл жөнелтілді.

Бүгін дипломатиялық миссиялардың өкілдері Бұланды ауданына барып, егін жинау науқанының барысымен және жергілікті астықтың сапасымен танысты. Шетелдік қонақтарға өңірдің ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау және тасымалдау мүмкіндіктері де таныстырылды.

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов қуаңшылыққа қарамастан, өңірде сапалы астық жиналып жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, жиналған бидайдың шамамен 90 пайызы сыртқы нарықта сұранысқа ие жоғары сапалы Hi-Pro санатына жатады.

«Биыл мемлекет тарапынан астықты Еуропалық одақ елдеріне, атап айтқанда Балтық жағалауы порттарына жеткізу бағытында үлкен қолдау көрсетіліп отыр. Біздің мақсатымыз – шаруашылықтарымыздың сол жаққа өздері барып, еуропалық трейдерлермен тікелей келісімшарттар жасасуы және сапалы Hi-Pro астығын Еуропаға тікелей жеткізуі», – деді әкім.

Сонымен қатар ақмолалық астықты еуропалық серіктестерге Брюссельде таныстыру мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Бұл ауыл шаруашылығы өндірушілеріне трейдерлермен тікелей кездесіп, ынтымақтастық шарттары мен жаңа жеткізілімдердің перспективаларын талқылауға мүмкіндік береді.

Айта кетейік, ақмолалық астық бұған дейін Эстонияның Muuga порты арқылы Еуропа елдеріне жеткізілген. Өңірде бұл бағытты одан әрі дамытып, экспорт географиясын кеңейту және еуропалық серіктестермен тікелей сауда байланыстарын нығайту көзделіп отыр.

Comments
Other materials