Қазақстанның марапаты Кореяға жетті. Президент оны табыс етті

124
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/wKs5WsSQyh9kJ2TiSwFWLEHMk6367BtOW9Ujxh5d.jpg

Сеулде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Корея азаматтарын марапаттады. Салтанатты рәсімде Мемлекет басшысы екі ел арасындағы достық пен стратегиялық серіктестіктің маңызын атап өтті. Марапатталғандар арасында профессор, зерттеушілер, қоғам және мемлекет қайраткерлері бар, деп хабарлайды "Адырна" ресми мәліметке сүйеніп.

Президент қазақ және корей халықтарының өзара құрметі мен достық қарым-қатынасы берік екенін айтты. Оның сөзінше, географиялық қашықтыққа қарамастан, Қазақстан мен Кореяны ортақ мүдде мен өзара сенім байланыстырады.

"Екі елдің арасы алшақ болғанымен, бізді өзара құрмет пен ортақ мүдде жақындастарды. Корея экономикасы айналасындағы бәсекелестік пен сын-қатерлерге қарамастан ойдағыдай дамуда. Бұл – халықтың еңбекқорлығы мен ірі кәсіпкерлердің арқасы. Қазақ халқы мен билік өкілдері достас Корея еліне шынайы сыйластықпен қарайды. Корея Республикасы – Қазақстанның стратегиялық серіктесі. Біз Кореяны халықаралық абырой-беделі зор мемлекет ретінде білеміз. Бүгінде мемлекеттеріміздің сан қырлы ынтымақтастығы жыл санап нығайып келеді. Осыдан бес жыл бұрын Кеңейтілген стратегиялық серіктестік туралы мәлімдеме қабылдаған едік", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстың да ерекше маңызға ие екенін айтты. Қазақстандағы корей диаспорасының қазақ-корей қарым-қатынасын дамытуға қосып отырған үлесі жоғары екенін атап өтті.

Бүгінде Қазақстанда жүз мыңнан астам этникалық корей тұрады. Корё-сарам қауымдастығы елдің қоғамдық және экономикалық өміріне белсенді араласып, қоғамдық келісім мен тұрақтылықты нығайтуға үлес қосып келеді. Қазақстанда корей мәдени орталықтары жұмыс істейді, Алматыдағы академиялық корей театры өнер көрсетеді. Сонымен қатар корей тілінде газет пен радиохабарлар шығарылады.

Қасым-Жомарт Тоқаев марапат иелеріне алғысын білдіріп, олардың екі ел арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан үлесін жоғары бағалады.

«Достық» ордені Корея Республикасы Ұлттық жиналысының 22-шақырылым депутаттары Мэн Сон Гю мен Ли Чжэ-канға, Сеул киберуниверситетінің президенті Ли Сан Гюнге табысталды.

Сондай-ақ Хангук шет тілдері университетінің профессоры, Орталық Азияны зерттеу институтының директоры Сон Ён Хун марапатталды. Ол 20 жылдан бері қазақ тілінен сабақ беріп, Қазақстанның тарихы мен мәдениетін Кореяда насихаттап келеді.

Бұдан бөлек, Hyundae General Hospital көпбейінді клиникасының директоры Ким Бу Соп II дәрежелі «Достық» орденіне ие болды.

Президенттің айтуынша, бұл марапаттар Кореяның көрнекті тұлғаларына Қазақстан халқының шынайы құрметі мен ризашылығының белгісі. Мемлекет басшысы марапат иелері алдағы уақытта да қазақ-корей байланыстарын дамытуға үлес қосарына сенім білдірді. 

Comments