АҚШ-та Шыңғыс хан дәуіріне арналған ауқымды көрме өтеді

439
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/9gDxHXYprq4GAnajP0ly7yOfvN0xXSBKwM7wNVcn.jpg

2027 жылы АҚШ-тағы Discovery Park of America музей-паркінде Шыңғыс хан дәуірі мен моңғол халқының тұрмыс-тіршілігіне арналған ауқымды көрме өтеді. Бұл туралы Asia Russia Daily жазды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Шамамен 4000 шаршы футты қамтитын музей кеңістігі ортағасырлық Моңғолияның ерекше атмосферасына айналмақ. «Шыңғыс хан: Империядан тыс» атты көрме 2027 жылдың 15 маусымында есігін айқара ашып, 7 қыркүйекке дейін жалғасады. Ал 14 маусым күні БАҚ өкілдері мен арнайы қонақтарға арналған алдын ала көрсетілім ұйымдастырылады.

«Бұл көрме – жаңалықтар мен ашылымдарға толы жоба. Ол келушілерге моңғол мәдениетін өнер, музыка, дәстүрлер, тұрмыстық заттар мен тарихи оқиғалар арқылы танып-білуге мүмкіндік береді. Көрмеден шыққан әрбір адам осы өңір мен тарихи кезең туралы бұрынғыдан әлдеқайда терең түсінік қалыптастырады деп сенемін»,– деді Discovery Park of America музей-паркінің президенті әрі бас директоры Скотт Уильямс.

Ауқымды экспозиция үш бірдей 53 футтық жүк көлігімен жеткізіледі, ал оны орнату жұмыстары шамамен екі аптаға созылады. Жоба аясында 300-ден астам түпнұсқа жәдігер, әсерлі декорациялар, иммерсивті проекциялар, деректі фильмдер, интерактивті экрандар, рөлдік аймақтар және табиғи көлемде жасалған дәстүрлі моңғол киіз үйі ұсынылады.

Көрменің басты ерекшеліктерінің бірі – дәстүрді сақтаушы өнер иелерінің қатысуы. Моңғол әртістері саябақ аумағында тұрып, күн сайын өнер көрсетеді. Келушілер дәстүрлі музыкалық аспаптардың әуенін, көмеймен ән айту өнерін тыңдап, ұлттық киім, халықтық қолөнер және қазіргі Моңғолиядағы өмір туралы әңгімелейтін шеберлермен жүздесе алады.

Экспозиция қонақтарды моңғол даласынан бастап, империя негізін қалаушының ордасы, ежелгі Қарақорым қаласы, Ұлы Жібек жолы және Құбылай хан сарайына дейінгі тарихи жолмен жетелейді.

Көрмеде Еуразияның көпғасырлық тарихын қамтитын бай жәдігерлер топтамасы қойылады. Олардың қатарында қару-жарақ, сауыт-сайман, дулығалар, керамикалық бұйымдар, діни жәдігерлер, ат әбзелдері мен тұрмыстық заттар бар.

Көрменің ең құнды экспонаттарының қатарында Шыңғыс хан дәуіріне жататын шамамен 1225 жылғы қылыш, 1260 жылғы моңғол семсері, XIII–XIV ғасырлар тоғысындағы күрделі садақ пен атты әскердің сауыт-сайманы, сондай-ақ 1328 жылы жасалған сирек қола атыс қаруы бар.

Экспозицияның авторы әрі Dino Don Inc. компаниясының президенті Дон Лезсем болса, кураторлары – Смитсон институтының ғалымы доктор Уильям Фицхью мен Колумбия университетінің профессоры доктор Моррис Россаби. Жоба Ұлан-Батыр қаласындағы Білім, мәдениет және ғылым министрлігімен бірлесіп әзірленген.

Ауқымды жоба тарихи мұра мен заманауи музей технологияларын ұштастыра отырып, америкалық көрермендерге әйгілі қолбасшы тұлғасы мен Орталық Азияның бай мәдени мұрасына жаңаша көзқараспен қарауға мүмкіндік береді.

Comments