Күрек ұстаған күйі. Атырауда күзетшінің мәйіті табылды

99
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/3yKSF0whorHPb2ToDcp6v6NaNSeSSWc3NjCuQhT9.jpg

Атырау облысының Құрманғазы ауданында медициналық пункттің 59 жастағы күзетшісінің өліміне қатысты тергеу жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы КТК-ға сілтеп.

Марқұмның денесі Афанасьев ауылындағы медициналық пункт аумағынан табылған. 

Телеарна мәліметінше, Клара Кенжеғалиева медициналық пунктте күзетші болып жұмыс істеген. Оқиғаға дейін оған ғимарат аумағындағы шөпті шабу тапсырылғаны айтылған. Бірнеше сағаттан кейін әйелді ұлы күрек ұстаған күйінде өлі тауып алған. Марқұмның туыстарының айтуынша, әйел күзет қызметімен қатар медициналық пункттің айналасын тазалауға да жауапты болған. Олардың сөзінше, оқиғаға дейін нысанға комиссия келетіндігі айтылып, аумақты ретке келтіру тапсырылған. Туыстары жедел жәрдем қызметкерлері марқұмның денесінен күйікке ұқсас іздерді байқағанын айтып отыр. Осыған байланысты олар әйелдің өлімінің себебіне күмән келтірген.

Ал мәйітхана дәрігерлерінің қорытындысында Клара Кенжеғалиеваның миына қан құйылуы салдарынан қайтыс болғаны көрсетілген.

Марқұмның ағасы бұл қорытындымен келіспейтінін айтып, әйелдің денесіндегі жарақаттарға байланысты қосымша тексеру жүргізуді талап еткен. Оқиғаның мән-жайын анықтауда медициналық пункт аумағындағы бейнебақылау камералары да маңызды болуы мүмкін. Алайда оқиға кезінде камералардың жұмыс істемегені белгілі болған.

Өз кезегінде Құрманғазы аудандық ауруханасының директоры Саида Зұлқашева күзетшіге қауіпті нысандардың, оның ішінде генератор мен трансформатор маңындағы шөпті шабу туралы нақты тапсырма берілмегенін айтты. Оның айтуынша, қызметкерлерге аумақты таза ұстау жөнінде жалпы талап қойылған.

Қазір марқұмның туыстары прокуратураға жүгініп, оқиғаға жан-жақты әрі объективті баға беруді сұрады.

Comments