Оңтүстік Корея президенті Ли Чжэ Мён 16 қыркүйекте Сеулде Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан басшыларының қатысуымен алғашқы саммит өткізеді, деп хабарлайды "Адырна".
Reuters дерегінше, жалпы саммитке дейін Ли Чжэ Мён Орталық Азия мемлекеттерінің басшыларымен жеке келіссөздер жүргізеді. Екіжақты кездесулер 14–16 қыркүйек аралығында өтеді.
Кездесудің негізгі тақырыптары сауда мен инвестиция көлемін арттыру, энергетика саласындағы ынтымақтастықты кеңейту, стратегиялық маңызы бар пайдалы қазбалар және жеткізу тізбегін дамыту мәселелеріне арналады.
Оңтүстік Корея президентінің айтуынша, саммит Сеул мен Орталық Азия елдері арасындағы қарым-қатынасты мемлекет басшылары деңгейіндегі көпжақты ынтымақтастық форматына шығаруға бағытталған.
Саммитке дайындық бірнеше ай бұрын басталған. Сәуір айында Сеулде Оңтүстік Корея мен Орталық Азияның бес мемлекетінің жоғары лауазымды өкілдерінің алғашқы кездесуі өтті. Ал маусымда Ташкентте тараптардың екінші кездесуі ұйымдастырылды. Кездесулер барысында саммиттің нақты нәтижелері мен ынтымақтастықты дамытудың төрт бағыты талқыланды. Олар – әріптестікті институционалдандыру, бейбітшілік пен тұрақтылық, инновация мен өркендеу, сондай-ақ гуманитарлық байланыстар.
Оңтүстік Корея мен Орталық Азия елдерінің көпжақты ынтымақтастығы 2007 жылдан бері жалғасып келеді. Сол жылы Оңтүстік Корея үкіметінің бастамасымен «Корея Республикасы – Орталық Азия» ынтымақтастық форумы құрылған. Жыл сайын өтетін форумға Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан қатысады. Платформа аясында экономика, гуманитарлық сала және бизнес бағыттарындағы бірлескен жобалар талқыланады.
Бұған дейін форум министрлер деңгейіне көтерілген. Ал 16 қыркүйектегі кездесу бұл ынтымақтастық форматының алғаш рет мемлекет басшылары деңгейінде өтуімен ерекшеленеді.
