Қызылордада отбасы күні қарсаңында тағылымды кездесу өтті

199
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/kXGqvRfwBsfFkJ8Ih1N1fMpUTxVUMDN2nPvbRGLn.jpg

Отбасы күні қарсаңында «Отбасы орталығында» тағылымды іс-шара ұйымдастырылып, облыс әкімі Мұрат Ергешбаев «Гауһар той», «Алтын той», «Лағыл той», «Інжу той», «Күміс тойға» жеткен отбасылармен және жас шаңырақ иелерімен кездесті.

Онда  құндылықтарды дәріптеуге, ұрпақ тәрбиесіне, ерлі-зайыптылар арасындағы сыйластықты нығайтуға қатысты әңгіме өрбіп, өнегелі отбасыларға құрмет көрсетілді.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының «Еліміздегі әрбір шаңырақ қазақ отбасының үлгісіне айналуы керек» деген сөзі үйдегі тәрбиенің қоғам дамуындағы айрықша рөлін айқын көрсетеді. 

Жаңа Конституциямызда  мемлекет берік отбасы институтын қалыптастыруға және ұрпақ тәрбиесіне қолайлы орта құруға басымдық беретіні нақтыланған.
Өңірімізде халықтың әл-ауқаты мен әлеуметтік тұрақтылығын қамтамасыз етуге ерекше мән берілуде.  17 500-ге жуық көпбалалы отбасы мемлекеттің тұрақты қолдауына ие.
Сіздер өнегелі ұрпақ тәрбиелеу арқылы еліміздің дамуы мен өркендеуіне өлшеусіз үлес қосып келесіздер. Барлығыңыз да шынайы құрмет пен мақтауға лайықтысыздар. Шаңырақтың беріктігін сақтап, сыйластық пен мейірімділікті өмір өзегіне айналдырған барша отбасыларға шынайы ризашылығымды білдіремін», – деді Мұрат Нәлқожаұлы.

Кездесуге қатысушылар береке-бірліктің, өзара сыйластық, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетудің маңызына тоқталып, өздерінің өмірлік тәжірибелерін бөлісті.

Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы саласының ардагері, 6 бала, 24 немере және 4 шөбере тәрбиелеп, «Алтын тойға» жеткен Шындалы Әбдіраманов татулық пен бала тәрбиесі туралы ойын ортаға салды.

Ал 5 баланың анасы, 8 немеренің әжесі Мархабат Шынарбаева ұрпақ сабақтастығы жөніндегі пікірін айтты. Сондай-ақ жас отбасылар атынан Алтынбек Ләзи сөз алып, өзара түсіністік пен жауапкершіліктің маңызына тоқталды.

Іс-шара барысында ән шырқалып, қатысушыларға облыс әкімінің құттықтау хаттары, сыйлықтар мен гүл шоқтары табысталды.

Еске салсақ, бүгінде облысымызда 141 мыңнан астам отбасы бар, оның  48 мыңнан астамы көпбалалы. Кейінгі төрт жылда үй кезегіндегі азаматтарға 8 мыңға жуық пәтер берілді. 2026-2027 жылдары 6200-ден астам пәтер табысталып, 25 мыңға жуық тұрғынның баспана мәселесін шешу жоспарлануда.

Ұрпақ тәрбиесіне ерекше мән беру, құндылықтарды дәріптеу бағытында «Анаға тағзым», «Отбасы орталығы» жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Аудандардағы «Руханият орталықтары» жас отбасыларға қолдау көрсетуге және маңызды бастамаларды жүзеге асыруға бағытталған рухани- әлеуметтік алаңға айналды.

Comments
Other materials