$5 млрд доллардың дауы. Қашаған операторынан айыппұл өндіріп алуды уақытша тоқтатты

163
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/pI3j2dP1O8Y8hsAN3qUcmE168cgG42YYcCx73lzo.jpg

Қазақстан Қашаған кен орнын игеруші North Caspian Operating Company (NCOC) компаниясынан өндірілмек болған 2,3 трлн (шамамен $5 млрд)теңге көлеміндегі экологиялық айыппұлды өндіріп алу жөніндегі атқарушылық іс жүргізуді уақытша тоқтатты. Бұл туралы «Интерфакс-Қазақстан» жазды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Агенттік мәліметінше, тиісті шешім 2026 жылғы 7 қыркүйекте қабылданған. Мұндай ақпарат Әділет министрлігінің дерекқорында көрсетілген. Алайда оның тоқтатылу себептері туралы мәлімет берілмеген.

Әңгіме Қазақстан үкіметінің 2023 жылы NCOC консорциумына Қашаған кен орнында күкіртті сақтау көлемінің рұқсат етілген нормадан асып кеткені үшін салған айыппұлы туралы болып отыр. Консорциум тағылған айыппен келіспей, 5 млрд доллар төлеуден бас тартып, бұл шешімге халықаралық арбитражда шағым түсірген еді.

Биыл шілде айында UNCITRAL халықаралық арбитраждық трибуналы Қазақстанға даудың қаралуы аяқталғанға дейін мәжбүрлеп өндіріп алу шараларын қолдануға тыйым салатын қамтамасыз ету туралы бұйрық шығарған. Өз кезегінде Әділет министрлігі аталған айыппұлдың заңды екенін және оның ұлттық соттардың шешімдерімен расталғанын мәлімдеген.

Ведомствоның хабарлауынша, қазақстандық соттың шешімі 20 шілдеге дейін ерікті түрде орындалуы тиіс болған. Осы мерзім өткеннен кейін билік органдары мәжбүрлеп өндіріп алу шараларын қолдануға құқылы еді.

Министрлік мәліметінше, сот құжаттарды қайтарғаннан кейін қаражатты өндіріп алу жұмыстары заңға сәйкес жалғасады.

25 шілдеде Қазақстан билігінің North Caspian Operating Company компаниясының мүлкі мен көлік құралдарына тыйым салғаны белгілі болды.

Қашаған кен орны – соңғы онжылдықтарда әлемде ашылған ең ірі мұнай кен орындарының бірі. Онда коммерциялық мұнай өндіру 2016 жылдан бері жүргізіліп келеді.

Қазіргі уақытта кен орнының игерілген шығыс бөлігінде тәулігіне шамамен 450 мың баррель мұнай өндіріледі. NCOC компаниясы биыл бұл көрсеткішті тәулігіне 500 мың баррельге дейін, ал 2031 жылға қарай 710 мың баррельге дейін арттыруды жоспарлап отыр.

North Caspian Operating Company консорциумының құрамына Shell, Eni, TotalEnergies, ExxonMobil, CNPC, Inpex және «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы кіреді.

Айта кету керек, экологиялық дауға қатысты мәселе Қазақстан билігі мен Қашаған операторы арасындағы ауқымды келіспеушіліктердің бір бөлігі саналады. Соңғы жылдары республика билігі кен орнын игеру жөніндегі өнімді бөлу туралы келісімнің шарттарын қайта қарауға ұмтылып келеді. Олар жоба барысында ықтимал заңбұзушылықтар, сыбайлас жемқорлық тәуекелдері және экологиялық залал келтірілген болуы мүмкін деген уәж айтады.

Comments