Альпинистердің өліміне қар-мұз көшкіні себеп болғаны айтылды

113
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/w2JB4EpTiPmn8I5CJJPAUN3veObx77FAH1SDndjE.jpg

Ресейдің Кабардин-Балкария Республикасындағы Безенги шатқалында болған қайғылы оқиғаға қар мен мұздың жаппай опырылуы себеп болған, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Ресей альпинизм федерация сарапшысы Александр Яковенконың айтуынша, табиғи құбылысты алдын ала болжау мүмкін болмаған.

6 қыркүйекте Безенги шатқалындағы Мижирги тауы маңында қар-мұз опырылып, оқу-жаттығу жиынына қатысып жатқан альпинистерді басып қалған. Алдын ала мәлімет бойынша, оқиға кезінде 33 адам болған. Олардың 10-ы өздігінен құтылса, алты адам түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілген. 11 альпинист қаза тапты, тағы алты адамның тағдыры әзірге белгісіз. Оларды іздеу жұмыстары жалғасып жатыр.

Александр Яковенко бұл оқиғаны кәдімгі қар көшкіні деп атауға болмайтынын айтты. Оның сөзінше, таудан қармен бірге ірі мұз бөліктері де опырылып түскен.

«Бұл қар көшкіні емес, қар-мұз опырылуы болды. Таудан үлкен көлемдегі мұз бен қар түсіп, оқу-жаттығу өткізіп жатқан топты басып қалды», – деді сарапшы.

Оның айтуынша, альпинистер шамамен 3,5 мың метр биіктіктегі мұзды учаскеде жоспарлы жаттығу жүргізген. Олар тауға көтерілу барысында емес, мұзды жер бедерінде қозғалу және сақтандыру техникасын пысықтаған. Жаттығу өтетін аумақта уақытша шатырлы лагерь де орналасқан.

Яковенко бұл орынның альпинистер тұрақты түрде жаттығу өткізетін аумақ екенін атап өтті. Оның пікірінше, апаттың ауқымы соншалық, қар мен мұз массасы лагерьге дейін жеткен.

Құтқару жұмыстарына Ресей төтенше жағдайлар министрлігінің Эльбрус биік таулы іздеу-құтқару жасағы, Қарашай-Шеркесиядан келген құтқарушылар және Кабардин-Балкарияның өрт сөндіру-құтқару қызметі жұмылдырылған. Құтқарушылар тобының саны 56 адамға дейін жеткізілді.

Comments