Фото: Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі
Қазақстанда геологиялық зерттеу жұмыстары күшейтіліп, перспективалы жер қойнауы телімдерін инвесторларға ұсыну жоспарланып отыр. Алғашқы учаскелер 2027 жылдан бастап аукцион арқылы сатылымға шығарылмақ.
ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметінше, қазіргі уақытта еліміздің 20 учаскесінде геологиялық зерттеу жүргізіліп жатыр. Биыл 1:50 000 масштабтағы геологиялық түсірілім жұмыстары басталған. Зерттеу жұмыстары 11 өңірді қамтиды, ал жалпы аумақ 100 мың шаршы шақырымнан асады.
Ұлытау облысында жеті учаскеде кешенді геологиялық зерттеу жүргізілуде. Оның жалпы аумағы 36 мың шаршы шақырымды құрайды.
Зерттеу барысында заманауи технологиялар қолданылып жатыр. Мамандар аэромагниттік түсірілім, аэрогамма-спектрометрия, аэрогравиметрия, Жерді қашықтан зондтау және ұшқышсыз аэрогеофизикалық кешендер арқылы мәлімет жинауда. Сондай-ақ жоғары дәлдіктегі Ionic Leach геохимиялық әдісі пайдаланылуда.
Ұлытау және Абай облыстарында бұған дейін шамамен 300 ұңғыма бұрғыланған.
Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаевтың айтуынша, геологиялық зерттеулердің негізгі мақсаты — жер қойнауы туралы сапалы әрі нақты ақпарат қалыптастыру. Бұл өз кезегінде геологиялық барлауға инвестиция тартуға және өнеркәсіп салаларын дамытуға мүмкіндік береді.
Мемлекеттік геологиялық зерттеу бағдарламасы аясында перспективалы учаскелердің бірыңғай цифрлық кадастры да жасалып жатыр. Әр учаскеге электронды паспорт әзірленіп, онда оның геологиялық әлеуеті туралы ақпарат жинақталады.
Министрлік бұл жүйе геологиялық ақпараттың ашықтығын арттырып, инвесторлар үшін қажетті мәліметтерді алуды жеңілдететінін атап өтті.
Altay Kulginov together with representatives of the AMANAT party met with the residents of Atyrau region
