Президент Алматы облысының әкімі лауазымына екінші кандидат ретінде Ғани Майлыбаевты ұсынған

345
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/FbKdEbbcFCNuDONyScPmSTN1FKAhygj3ZOMtKQ8p.jpg

Алматы облысының әкімі лауазымына Төтенше жағдайлар министрлігінің бұрынғы басшысы Шыңғыс Әріновпен бірге тағы бір кандидаттың ұсынылғаны белгілі болды. Үкіметтің ресми сайтында хабарланғандай, Мемлекет басшысының арнайы тапсырмасымен Премьер-министр Олжас Бектенов және Президент Әкімшілігінің басшысы Роман Скляр Алматы облысы мәслихаттары депутаттарының отырысына қатысты.

Роман Скляр депутаттарға Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алматы облысының әкімі лауазымына екі кандидатты ұсыну туралы хатын оқып берді. Олар – бұрынғы төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов және Алматы облысы әкімінің орынбасары Ғани Майлыбаев.

Жиынға 178 депутат қатысты. Ашық дауыс беру қорытындысы бойынша Шыңғыс Әріновтің кандидатурасын депутаттардың 83 пайызы қолдады.

Қазақстан Президентінің тиісті Жарлығымен Шыңғыс Әрінов Алматы облысының әкімі болып тағайындалды.

Облыс активімен өткен жиында Премьер-министр Олжас Бектенов өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін облыстың бұрынғы әкімі Марат Сұлтанғазиевке алғыс білдірді. Кейін Үкімет басшысы облыс активіне Алматы облысының жаңа әкімі Шыңғыс Әріновті таныстырды.

Еске салайық, 4 қыркүйекте Алматы облысының жаңа әкімін тағайындау үшін мәслихат депутаттарының жиналатыны белгілі болған еді.

Бүгін Қазақстан Президенті Марат Сұлтанғазиевті облыс әкімі қызметінен босатты. Оның орнына Шыңғыс Әрінов тағайындалды.

Comments