"Сіздер жақсы білетін адам" аталды. Тоқаев вице-президент лауазымына кандидатын жариялады

739
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/LSSW4bMaEvt6R9Qr1AlOQRktplpylizsQQfobnsP.jpg

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Құрылтайындағы саяси партиялар фракцияларының жетекшілерімен кездесу өткізді. Бұл туралы бүгін, 31 тамызда Ақорда жазды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Жиында Қасым-Жомарт Тоқаев Ерлан Қаринді Қазақстанның Вице-президенті қызметіне кандидат ретінде ұсынды. Ал премьер-министр лауазымында Олжас Бектеновті қалдыруды ұсынды.

Кездесуде президент жаңа Конституцияның 46-бабына сәйкес Премьер-Министр лауазымына ұсынылған Олжас Бектеновтің кандидатурасы жөнінде фракция жетекшілерімен кеңесуге тиіс екенін айтты.

Талқылауға «Әділет» партиясы фракциясының жетекшісі Ербол Адаев, «Ауыл» партиясы фракциясының жетекшісі Қайрат Айтуғанов, «Respublica» партиясы фракциясының жетекшісі Айдарбек Қожаназаров, «Ақ жол» партиясы фракциясының жетекшісі Дания Еспаева, Жалпыұлттық социал-демократиялық партия фракциясының жетекшісі Асхат Рақымжанов қатысты.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 23 тамызда Құрылтай депутаттарының сайлауында дауыс бергеннен кейін журналистердің сұрақтарына жауап беріп, Қазақстанның алғашқы вице-президенті жақын уақытта тағайындалатынын айтқан болатын.

“Келесі аптада немесе он күн ішінде Вице-президент кім екені мәлім болады. Мен оны қазір анық айта алмаймын. Ол белгілі, сіздер жақсы білетін адам болады деп ойлаймын”, – деп жауап берген ел басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тілшілер сұрағына. 

Бұл мәлімдеме саяси ортада түрлі болжамның тууына себеп болды. Өйткені жаңа Конституциялық модельдегі вице-президент лауазымы формалды қызмет емес.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, вице-президент Президенттің тапсырмасы бойынша Құрылтаймен, Үкіметпен және өзге де мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл кезінде Мемлекет басшысының атынан өкілдік етеді. Оның кандидатурасын Президент ұсынады, ал тағайындау үшін Құрылтайдың келісімі қажет.

 

 

Comments