Өзбекстандағы мектепке көрнекті қазақ жазушысы Рахметолла Райымқұловтың есімі берілді

174
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/lBT91rmk4pbHE5AIQDvrvn63EGnAnilUtiUaCUpl.jpg

Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёевтің бастамасымен жəне Ташкент облысы əкімінің шешімімен Ташкент облысы Бостанлық ауданының Қараманас ауылында орналасқан No34 мектепке көрнекті қазақ жазушысы, драматург, аудармашы жəне қоғам қайраткері Рахметолла Райымқұловтың есімі берілді.

2026 жылғы 2 қыркүйекте Рахметолла Райымқұлов атындағы No34 мектепте жаңа оқу жылының басталуына жəне қаламгердің туған жерінде оның есімін ұлықтауға арналған мерекелік іс-шара өтеді.

Іс-шараға Өзбекстан мен Қазақстанның белгілі мемлекет жəне қоғам қайраткерлері, соның ішінде Өзбекстан Республикасы Мектепке дейінгі жəне мектеп білімі министрлігі мен Мəдениет министрлігінің басшылығы, Қазақстан Республикасының Өзбекстан Республикасындағы Төтенше жəне Өкілетті Елшісі Ералы Тоғжанов, Түркі мəдениеті жəне мұрасы қорының Президенті, профессор Ақтоты Райымқұлова, белгілі қазақ қаламгерлері мен əдебиеттанушылары Құлбек Ергөбек пен Нұрғали Ораз, сондай-ақ екі елдің шығармашылық зиялы қауым өкілдері, жазушының ұрпақтары, ұстаздар, оқушылар мен ата-аналар қатысады.

Іс-шара аясында жаңа оқу жылының алғашқы қоңырауы соғылып, жаңартылған мектеп кітапханасы мен Рахметолла Райымқұловқа арналған мемориалдық бұрыш ашылады, сондай-ақ кітапхана қорын толықтыру мақсатында кітаптар табысталады. Сонымен қатар өскелең ұрпақтың кітап оқу мəдениетін қалыптастыруға, қаламгердің шығармашылығымен таныстыруға жəне оның əдеби мұрасын кеңінен насихаттауға бағытталған рухани-ағартушылық кеш өтеді.

Рахметолла Райымқұлов 1913 жылы Ташкент облысы Бостанлық ауданының Қараманас ауылында дүниеге келген. Ол мол əдеби мұра қалдырып, қазақ жəне өзбек əдебиеті мен мəдениетінің дамуына, бауырлас екі халық арасындағы рухани жəне мəдени байланыстардың нығаюына зор үлес қосты. Қаламгердің кеңінен танылған шығармаларының қатарында «Жасыл белес», «Түйелі адам», «Балдақты адам», «Қара жорға» романы жəне басқа да туындылары бар.

Мектепке Рахметолла Райымқұловтың есімінің берілуі айрықша символдық мəнге ие. Бұл бастама ортақ мəдени мұраға деген құрметтің, Қазақстан мен Өзбекстан халықтарының тарихи жақындығы мен ғасырлар бойғы бауырластығының, сондай-ақ екі ел арасындағы мəдени- гуманитарлық ынтымақтастықтың одан əрі нығая түскенінің жарқын көрінісі.

Comments