Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты іс бойынша апелляциялық шағым түсті

148
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/9gxoLxMDEbleMjI9NMIVZfCU3vguz3QNSDVqQPZU.webp

21 жастағы Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты іс бойынша жаңа сот талқылауы өтуі мүмкін, деп хабарлайды “Адырна”. 

Өмір бойына бас бостандығынан айырылған Шерхан Аймаханның қорғаушылары апелляциялық шағым түсірді.

Бұл туралы жәбірленуші тараптың адвокаты Аянхан Омаров хабарлады.

Адвокаттың айтуынша, енді қылмыстық істі апелляциялық сот қарайды. Ол шағыммен танысып, оған қарсылық дайындайтынын айтты.

«Нұрайдың ісі бойынша сотталған Аймахан Шерханның қорғаушылары апелляциялық шағым берді. Онымен танысып, қарсылық дайындаймын. Енді іс апелляциялық сотта қаралады», – деп жазды Аянхан Омаров Threads желісінде.

Қазір қорғау тарапының апелляциялық шағымда қандай уәждер келтіргені және соттан нақты қандай шешім сұрап отырғаны әзірге белгісіз.

Еске салайық, қайғылы оқиға 2026 жылғы 11 қаңтарда Шымкент қаласында болған. Тергеу мәліметінше, 28 жастағы Шерхан Аймахан бұған дейін таныс болған Нұрай Серікбайды дүкен маңында күтіп тұрып, оған бірнеше рет пышақ жарақатын салған. Қыз алған жарақаттарынан көз жұмған.

Comments