"35 жылдан бергі еркін өмір". Өзбекстан президенті қуғын-сүргін құрбандарын еске алды

168
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/dI50BYAn1YzI9IUvS8Uc7kH1tWfnBuZH0hHSEDJI.webp

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев пен елдің өзге де ресми тұлғалары Ташкенттегі «Шахидлар хотираси» аллеясында өткен еске алу рәсіміне қатысты, деп хабарлайды "Адырна".

Мемлекет басшысы тәуелсіздік пен азаттық жолында қаза тапқан ата-баба рухын ұлықтау қасиетті парыз екенін атап өтті.

«Осы күндері бүкіл ел болып ұлттық тәуелсіздігіміздің 35 жылдығын үлкен қуанышпен атап өтіп жатырмыз. Міне, 35 жылдан бері біз ешкімге тәуелді болмай, бейбіт әрі ашық аспан астында еркін және бақуатты өмір сүріп келеміз. Бұл – үлкен бақыт әрі баға жетпес құндылық. Осындай айтулы күндері тәуелсіздік пен азаттық жолында құрбан болған қаһарман ата-бабаларымызды еске алып, олардың жарқын рухына тағзым ету – қасиетті парызымыз», – деді Шавкат Мирзиёев.

Діни қызметкерлер және зиялы қауым өкілдерімен кездесуде президент өткен ғасырдың 1980-жылдарында мыңдаған отандасының саяси қуғын-сүргінге ұшырағанын айтты. Олар «мақта ісі» және «өзбек ісі» деп аталған істер аясында қолдан жасалған айыптармен қудаланған.

1983-1990 жылдар аралығында Өзбекстанда 40 мың адам тергеуге тартылып, олардың 5 мыңы қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Мемлекет басшысы осы кезеңдегі оқиғаларға қатысты тарихи әділеттілікті қалпына келтіру жұмыстары жалғаса беретінін атап өтті.

Шавкат Мирзиёев қазіргі таңда әлемде қарулы қақтығыстар мен саяси текетірестердің күшейіп, олардың Өзбекстанға жақын аймақтарға да таралып жатқанына алаңдаушылық білдірді.

«Біздің жолымыз – бейбітшілік, достық және ынтымақтастық жолы. Өзбекстан бұл бағыттан ешқашан таймайды», – деді президент.

Comments
Other materials