Трамп әкімшілігі АҚШ-та визалық сұхбаттарға жазылуды уақытша тоқтатты

244
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/sUA8jLinQOf22V3YxM3nYUS9KSC0JLVabMkEPRRA.webp

АҚШ президенті Дональд Трамп әкімшілігі барлық америкалық елшілік пен консулдықтарда визалық сұхбаттарға жазылуды уақытша тоқтатты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі Reuters-ке сілтеме жасап.

Агенттік мәліметінше, АҚШ Мемлекеттік департаменті консулдық қызметкерлерге арналған жаһандық оқыту бағдарламасын іске қосқан. Бағдарлама аясында мамандар визалық өтініш берушілерді жан-жақты әрі бірізді бағалауға және әлеуметтік төлемдерге тәуелді болуы ықтимал тұлғаларды анықтауға үйретілмек.

Иммиграциялық визаға өтініш берген кейбір азамат тағайындалған сұхбаттарының кейінге шегерілгені туралы хабарлама алған. Визалық қабылдаулардың қашан қайта басталатыны әзірге белгісіз.

Сонымен қатар Трамп әкімшілігі B1/B2 санатындағы (туристік және іскерлік) 200 мыңға дейінгі визаны жаппай кері қайтарып алу мәселесін қарастырып жатыр. АҚШ Мемлекеттік департаментінің өкілі Томми Пиготтың айтуынша, бұл шара 2016–2026 жылдары аталған визаларды алып, кейіннен АҚШ-тан баспана сұраған немесе сұрап жатқан шетел азаматтарына қатысты болуы мүмкін. Егер бұл шешім жүзеге асса, ол АҚШ тарихындағы визаларды ең ауқымды бір реттік кері қайтарып алу оқиғаларының біріне айналуы ықтимал.

Бұған дейін федералдық судья 75 ел азаматына иммиграциялық виза беруге қойылған шектеуді заңсыз деп танып, оның күшін жойған болатын. Сот әкімшіліктің өз өкілеттігін асыра пайдаланған деген қорытындыға келген.

Comments