Алматыда түскі үзілісте демалып отырған тазалық қызметкерлерін видеоға түсіріп, тыныштығын бұзған әйелге қатысты әкімшілік іс қозғалды, деп хабарлайды "Адырна" тілшісі.
Оқиға 22 тамызда сағат 13:10 шамасында Майлин көшесіндегі бөлінген жолақта орналасқан аллеяда болған. Сол уақытта Түрксіб ауданындағы «Алматы тазалық» МКК қызметкерлері түскі үзілісте отырған.
Әкімдік мәліметінше, мекеменің өндірістік персоналы тәулік бойы үш ауысыммен жұмыс істейді. Күндізгі ауысым қызметкерлеріне сағат 12:00-ден 14:00-ге дейін, ал түнгі ауысымға 00:00-ден 02:00-ге дейін түскі үзіліс беріледі. 23 тамызда кәсіпорын қызметкерлері арандатушылық сипаттағы түсірілім жүргізген әйелге қатысты Түрксіб аудандық полиция басқармасына арыз жазған. Полиция әйелдің жеке басын анықтады.
Оған қатысты ұсақ бұзақылық фактісі бойынша әкімшілік іс қозғалды. Жиналған материалдар Алматы қаласының мамандандырылған әкімшілік сотына жолданды.
Сонымен қатар тексеру барысында әйелдің итін тұмылдырықсыз серуендеткені анықталған. Жануарларға жауапты қарау саласындағы заңнама талаптарын бұзғаны үшін оған 10 АЕК, яғни 43 250 теңге көлемінде айыппұл салынды.
