Тоқаев Құрылтай сайлауын тарихи кезең деп бағалады

147
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/xbPNIkDeNhVcT4u05gRkztC4ZzGrBHWoR4hcurV9.jpg

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада халықаралық пән олимпиадаларында үздік нәтиже көрсетіп, жүлделі орындарға ие болған оқушылар мен студенттермен кездесті, деп хабарлайды "Адырна".

Кездесуге халықаралық білім додаларында ел намысын қорғаған 21 лауреат, сондай-ақ олардың ұстаздары мен тәлімгерлері қатысты. Жас зияткерлер физика, химия, биология, математика, информатика, география және лингвистика пәндері бойынша өткен беделді олимпиадаларда Қазақстан қоржынына 6 алтын, 11 күміс және 4 қола медаль салды.

Мемлекет басшысы еліміздің қазіргі кезеңін тарихи жаңғыру дәуірі ретінде бағалап, соңғы уақытта жүзеге асырылған ауқымды саяси реформаларға тоқталды.

«Біз бір ел, бір халық болып ауқымды реформаларды жүзеге асырдық. Жаңа Конституциямызды қабылдадық. Еліміздің бас құжатында ғылым мен білімге, инновацияға басымдық бердік. Ең бастысы, жаңа Конституция өскелең ұрпақтың игілігі үшін жазылды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент сондай-ақ Қазақстан тарихында алғаш рет Құрылтай сайлауы өткенін атап өтті. Оның айтуынша, сайлау жоғары деңгейде ұйымдастырылып, азаматтар жаңару стратегиясына қолдау білдірді.

«Кеше ғана тарихымызда тұңғыш рет Құрылтай сайлауы өтті. Бұл сайлау сәтті, мінсіз ұйымдастырылды деп айтсақ, қате болмас. Осы мүмкіндікті пайдаланып, бүкіл халқымызға азаматтық кемелдік танытып, жаңару стратегиямызды қолдағаны үшін мың да бір алғысымды айтамын», – деді Президент.

Мемлекет басшысы сайлау барысында жұмыс істеген отандық және халықаралық байқаушыларға, сондай-ақ Орталық сайлау комиссиясының мүшелеріне алғыс білдірді.

Айта кетейік, 2026 жылғы 15 наурызда өткен жалпыхалықтық референдумда қабылданған жаңа Конституция 1 шілдеден бастап күшіне енді. Осыған байланысты бұрынғы Мәжіліс пен Сенат өз жұмысын тоқтатып, депутаттардың өкілеттігі аяқталды.

Жаңа Конституцияға сәйкес, Қазақстанда бір палаталы Парламент – Құрылтай құрылды. Оның құрамына бес жыл мерзімге сайланатын 145 депутат кіреді.

23 тамызда Қазақстанда алғаш рет Құрылтай депутаттарының сайлауы өтті. Орталық сайлау комиссиясының алдын ала мәліметіне сәйкес, сайлаушылар тізіміне 12 623 289 азамат енгізілген. Олардың 9 351 539-ы немесе 73,8 пайызы дауыс беруге қатысты.

Құрылтайға өту үшін саяси партиялар жалпы дауыс санының кемінде 5 пайызын жинауы тиіс болды.

Comments