Риддер маңында аю 58 жастағы ер адамға шабуыл жасады

239
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/IpkBOvunX3ndsxwEIaU6jEdFiPSflWHksMi0DgFO.webp

Шығыс Қазақстан облысында аю адамға шабуыл жасап, 58 жастағы ер адам ауыр жарақат алды. Оқиға Риддер қаласының маңында, Батыс Алтай мемлекеттік табиғи қорығына жақын орналасқан демалыс базасының жанындағы омартада болған. Бұл туралы YKnews жазды, деп хабарлайды "Адырна".

Оқиға шілде айының соңында тіркелген. Аю шабуыл жасаған кезде ер адаммен бірге болған екі азамат оған жыртқыштан қорғануға көмектескен. Осы сәттен кейін аю орманға қашып кеткен.

Жарақат алған азамат бірнеше күн жансақтау бөлімінде емделіп, кейін травматология бөліміне ауыстырылған. Дәрігерлер оның басы, қолы мен аяғында көптеген жарақат барын анықтаған. Сонымен қатар ер адамның қолы мен аяғында ығысумен асқынған ашық сынықтар болған.

19 тамызда науқас ауруханадан шығарылып, қазіргі уақытта үй жағдайында ем қабылдап жатыр.

Орман және аңшылық шаруашылығы жедел әрекет ету жасағының бастығы орынбасары Сергей Карманниковтың айтуынша, оқиғадан кейін инспекторлар қару алып, оқиға орнына барған. Мамандар адамға шабуыл жасаған аюды атып жойған. Қазір аумақта қауіп жоқ.

Маман аюдың адамға не себепті шабуыл жасағанын нақты айта алмайтынын жеткізді. Оның сөзінше, биыл тұрғындардан аюлардың елді мекендерге жақындауына байланысты шағымдар көбейген. Инспекторлар мұндай жағдайларда оқиға орнына барып, жыртқыштарды адамдардан аулақ ұстауға тырысады. Алайда адам өміріне тікелей қауіп төнген жағдайда ғана аюды атуға рұқсат етіледі.

Карманниковтың айтуынша, соңғы уақытта аюлардың малға шабуыл жасаған жағдайлары да кездескен. Кейде тұрғындар жыртқыштарға тым жақын жерден тап болып жатады. Дегенмен маманның тәжірибесінде бұл — аюдың адамға жасаған алғашқы шабуылы.

Мамандар Шығыс Қазақстан облысында аю санының артқанын да атап отыр. Өткен жылы инспекторлар ұрғашы аюлардың бірнешеуі екі-үш қонжықтан туғанын байқаған.

Сонымен қатар ормандағы табиғи қоректің азаюы жыртқыштардың адамдарға жақын аумақтарға жиі шығуына әсер етіп отыр. Өткен және биылғы жылдары аяз бен қуаңшылық салдарынан ормандағы жидек пен балқарағай жаңғағы өте аз болған. Соның салдарынан аюлар қорек іздеп қоқыс орындарына, қараусыз қалған саяжайлар мен бақшаларға жақындай бастаған.

Comments