Қазақстан мектептерінде оқушылардың сабақ кезінде смартфон пайдалануына шектеу қойылды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Алайда үзіліс уақытында ұялы телефон қолдануға рұқсат берілуі мүмкін. Бұл туралы оқу-ағарту вице-министрі Шынар Ақпарова Үкіметтегі брифингте хабарлады.
Вице-министрдің айтуынша, жаңа талаптарға сәйкес оқушылар оқу процесі кезінде ұялы телефон пайдаланбауы керек. Ерекшелік оқу бағдарламасында және қысқа мерзімді сабақ жоспарында смартфонды оқу мақсатында пайдалануға рұқсат берілген жағдайларға қатысты.
«Ережелерде балалардың оқу процесі кезінде, қысқа мерзімді жоспарда көзделген, яғни оқу бағдарламасы негізінде рұқсат етілген жағдайларды қоспағанда, ұялы телефондарды пайдаланбайтыны белгіленген», – деді Шынар Ақпарова.
Оның айтуынша, үзіліс кезінде смартфон қолдануға мүмкіндік бар. Дегенмен бұл мәселені әр білім беру ұйымы өз ішкі тәртібі арқылы реттейді.
«Бұл мүмкін. Бірыңғай талаптар әзірленді. Осы талаптар негізінде білім беру ұйымы барлық ұйымдастыру мәселесін өзінің ішкі тәртібімен реттейді», – деді вице-министр.
Сонымен қатар мектептер оқушылардың ұялы телефондарын сабақ кезінде қайда және кімге тапсыратынын өздері анықтайды.
«Мұның бәрі мектептердің ішкі ережелерінде нақтыланады. Мүмкін, сыныпта арнайы орын болады, мүмкін, жеке жәшіктер қойылады. Мұны білім беру ұйымы өзі анықтайды», – деп түсіндірді Шынар Ақпарова.
