Ұлт араздықты қоздыру. Елде үш ресейлік азаматқа халықаралық іздеу жариялады

235
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/KGD6LfKdaCTxZ0rq8kkPlMM9QNscahseIAiP2r98.webp

Әзербайжанның бас прокуратурасы конституциялық құрылысты күшпен өзгертуге, аумақтық тұтастығын бұзуға, ұлттық араздықты қоздыруға және терроризмге шақыру бойынша қылмыстық істі тергеп жатыр, деп хабарлайды "Адырна" тілшісі.

Report дерегінше, бас прокуратурада тергеу барысында Ресей азаматтары – «Москва 24» телеарнасының жүргізушісі әрі журналист Иван Князев, Ресейде саяси кеңесші және медиа сарапшы ретінде танылатын Семён Уралов және Ресей көлік министрінің кеңесшісі, тележурналист Алексей Чадаевқа қатысты күдік пайда болған. Прокуратура дерегіне сәйкес, аталған азаматтар 2026 жылғы 14 шілдеде Семён Ураловтың YouTube арнасында жарияланған «Чистота понимания» бағдарламасында Әзербайжанға қатысты күш қолдануға, елдің конституциялық құрылысын күшпен өзгертуге және аумақтық тұтастығын бұзуға шақырған. Сондай-ақ олардың сөздерінде ұлттық өшпенділік пен араздықты қоздыру белгілері болған.

Бұдан бөлек, прокуратура 13 тамызда осы YouTube арнасында жарияланған бағдарламада аталған тұлғалар Әзербайжанға қарсы күш қолдану туралы пікір білдіріп, кейбір адамдарды физикалық түрде жою қаупімен ұстау және оларды нысанаға алып жою жөнінде сөз қозғағанын хабарлады. Осыған байланысты олар терроризмге жария түрде шақырды деген күдікке ілінген.

Осы фактілер бойынша Әзербайжанның бас прокуроры қылмыстық кодекстің 214-2-бабы (терроризмге жария түрде шақыру), 281.2-бабы (мемлекетке қарсы бағытталған жария үндеулер) және 283.2.1-бабы (ұлттық өшпенділік пен араздықты қоздыру) бойынша қылмыстық іс қозғаған.

Алдын ала тергеу бас прокуратураның тергеу басқармасына тапсырылған. Жиналған дәлелдер негізінде Семён Уралов, Иван Князев және Алексей Чадаев аталған баптар бойынша айыпталушы ретінде танылған. Олар Әзербайжан аумағынан тыс жерде болғандықтан, халықаралық іздеуге жарияланған. Сот шешімдерімен үшеуіне де қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалған. Бас прокуратура айыпталушылардың жүрген жерін анықтау, оларды ұстау және Әзербайжанға беру мақсатында серіктес мемлекеттердің құзырлы органдарына тиісті өтініштер жолданғанын хабарлады.

Сонымен қатар оларды Интерпол арналары арқылы халықаралық іздеуге жариялау бойынша қажетті шаралар қабылданып жатыр

Comments