АҚШ президенті Дональд Трамп АҚШ пен Оңтүстік Кореяның бірлескен әскери жаттығуларының ауқымын қысқартуды тапсырды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Оның айтуынша, бұл шешім Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ынмен қарым-қатынасты бұзбау үшін қабылданған. Трамп бұл туралы өзінің Truth Social әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды.
АҚШ президенті Пентагон басшысы Пит Хегсетке Оңтүстік Кореямен бірлескен әскери жаттығулар бағдарламасын қысқартуды тапсырғанын айтты.
«Ким Чен Ынмен өте жақсы қарым-қатынасым бар екенін ескерсек, АҚШ-тың Оңтүстік Кореямен бірлескен әскери жаттығуларға қатысуға келіскеніне көңілім толмайды», – деп жазды Трамп.
Солтүстік Кореяның ықтимал қауіп-қатеріне қарсы дайындықты күшейтуге бағытталған Ulchi Freedom Shield әскери жаттығулары 17 тамызда басталды. Трамп жаттығуларды толық тоқтатуға тым кеш екенін атап өтіп, олардың көлемін «айтарлықтай қысқартуды» тапсырғанын айтты.
АҚШ президенті бірлескен әскери жаттығулардың шығынына да назар аударды. Оның пікірінше, мұндай маневрлер қомақты қаражатты талап етеді және шығындардың едәуір бөлігін АҚШ көтереді. Сонымен қатар Трамп жаттығулар Солтүстік Кореяға қажетсіз әрі дұшпандық белгі береді деп санайды.
Трамп Оңтүстік Кореяның Иран мәселесіне қатысты ұстанымына да тоқталды. Оның айтуынша, ол Сеулден Иранды ядролық қарудан арылту жөніндегі АҚШ бастамасына қосылуға ниеті бар-жоғын сұраған. Алайда Оңтүстік Корея тарапы бұл ұсыныстан бас тартқан. АҚШ пен Оңтүстік Корея Солтүстік Корея тарапынан төнетін қауіпке байланысты тұрақты түрде бірлескен әскери жаттығулар өткізіп келеді. Биылғы маневрлерге мыңдаған әскери қызметкер мен әскери техника қатысады. Жаттығулар барысында дрондарға қарсы іс-қимыл, GPS сигналдары істен шыққан кездегі әрекеттер және кибершабуылдарға тойтарыс беру секілді бағыттар пысықталады.
Ал Солтүстік Корея АҚШ пен Оңтүстік Кореяның бірлескен әскери жаттығуларын бұған дейін де бірнеше рет сынаған. КХДР сыртқы істер министрлігі бұл маневрлерді «басқыншылық соғыстың репетициясы» деп атап, оларды ел қауіпсіздігіне төнген елеулі қатер ретінде бағалаған.
Euro-cooperation: France plans to build a nuclear power plant in Uzbekistan, from which it imports uranium
