Мәжілістің бұрынғы депутаты Бақытжан Базарбек Жамбыл облысында болған жол-көлік оқиғасына байланысты пікір білдірді. Ол әлеуметтік желілерде тараған түрлі ақпарат пен болжамдарға әзірге түсініктеме бере алмайтынын айтып, оқиға бойынша тергеу жүріп жатқанын жеткізді, деп хабарлайды "Адырна".
Бұрынғы депутаттың айтуынша, өзі мен жұбайы тергеу құпиясын сақтауға қатысты қолхат берген. Қазір қылмыстық іс аясында қажетті сараптамалар жүргізіліп жатыр.
Базарбек әлеуметтік желілерде оқиғаға қатысты түрлі нұсқалар мен расталмаған ақпараттардың тарағанын атап өтті. Оның сөзінше, тергеу аяқталмайынша оқиғаның мән-жайына қатысты нақты пікір айтуға мүмкіндігі жоқ.
Ол құқық қорғау органдары жол апатының барлық мән-жайына заң аясында объективті баға беретініне сенім білдірді.
«Баршаңызды асығыс қорытынды жасамауға және тек ресми ақпарат пен тергеу нәтижелеріне сенуге шақырамын», – деп жазды Бақытжан Базарбек.
Экс-депутат қазіргі таңда басты назар зардап шеккен азаматтың денсаулығына аударылып отырғанын айтты. Оның мәлімдеуінше, өзі және жақындары жарақат алған азаматтың тезірек сауығып кетуін тілеп отыр.
Сондай-ақ ол зардап шеккен адамға алғашқы медициналық көмек көрсеткен аудандық аурухана дәрігерлеріне, Денсаулық сақтау министрлігіне және облыстық денсаулық сақтау басқармасына алғысын білдірді.
Бұған дейін бірқатар ақпарат құралдарында Жамбыл облысындағы жол апатына Бақытжан Базарбектің қатысы бары туралы ақпарат тараған. Алайда полиция көлікті нақты кім басқарғанын әзірге ресми түрде жариялаған жоқ.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, алдын ала ақпарат бойынша, Toyota автокөлігінің жүргізушісі, Б. есімді азамат жолдың жүріс бөлігінде тұрған ер адамды қағып кеткен. Жол-көлік оқиғасы салдарынан ер адам аурухананың жансақтау бөліміне жеткізілген.
Оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жалғасып жатыр.
